Зейнеткерлер, бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектер жұмыс күндері кешенге тегін кіре алады
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курорты қысқы маусымын ашты. 68 жыл қатарынан үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан демалыс орталығының биыл көпшілікке ұсынар жаңалығы көп. Қауіпсіздік шараларын басты назарға алған кешен мамандары Алатау баурайындағы сырғанау алаңдары келушілерді қабылдауға дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымбұлақ тау-шаңғы курорты тек қыс мезгілінде ғана емес, жазда да барып демалатын таптырмас орын. Мұнда келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Соңғы уақытта ел тұрғындарынан бөлек, осы тау-шаңғы кешенін арнайы іздеп келетіндер көбейген. Былтыр олардың саны 1 млн 28 мың адамға жетіпті. Ал биыл демалыс кешенінің көпке ұсынар жаңалығы көп.
«Шаңғы тебетін жол ұзартылды. Қосымша 3 шақырым қосылды. Ал аспалы жол бойынша өзгеріс жоқ. Кішкентай балаларға, мүлде бұрын сырғанап көрмеген балаларға арналған «Ақ барсик» трассасы ашылды», – деді Шымбұлақ тау-шаңғы кешені директорының орынбасары Ләззат Бастаубаева
Сондай-ақ,мұнда балаларға арналған тау лагерін ашу да жоспарланыпты. Қала тұрғындары мен қонақтарының шаңғы және сноубордпен күндіз-түні сырғанауына барлық жағдай жасалған. Ал оны тебе алмайтындар үшін басқа да ойындар қарастырылған. Соның бірі - аспалы көпір экстрималды ойыны. Қысқасы, мұнда демалуға келген әр қонақ уақытын көңілді өтікізе алады. Басты шарт - бойы 1 метр, 30 см-ден ұзын болуы керек.
Демалыс кешенінде қонақ үй орналасқан. Туристердің жайлылығы үшін түрлі қызмет түрлері қарастырылған. Бөлмелердің бәрі де ағаштан жасалған. Құрылыс материалдары - экологиялық таза өнім. Мұның бәрі отандық туризмді дамыту үшін жасалған.
«Қонақ үйде барлығы 50 бөлме бар. Бір мезетте 250-ден астам қонақ демала алады. Демалыс күндері мен мереке кезінде олардың ешқайсысы бос болмайды. Мәселен, 29 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында ешқандай бөлме бос емес», – деді Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінің менеджері Алена Ван-Шу-Ли
Зейнеткерлер, бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектер жұмыс күндері кешенге тегін кіре алады. Көпбалалы аналарға да 30 пайыз жеңілдік жасалған. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар мен аутизмге шалдыққан бүлдіршіндер сырғанауды үйрететін тегін курстарға қатыса алады.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы