Қаладаға шағынауданда құбырдан ақау табылып, жылу беру уақытша тоқтатылған еді
Атырауда жылумен қамту мәселесі арнайы ведомоствоаралық комиссияның бақылауына алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы ауа райын болжау бөлімінің басшысы Аина Қазғұлованың айтуынша, арктикалық антициклон әсерінен облыста алдағы 3 күнде жауын-шашынсыз және аяз болады.
«Атырау облысында ауа температурасы күндіз -18, -23°C, түнде -22, -27 градусқа дейін төмендейді. Өңірдің солтүстігінде -26, -30°C аяз күтіліп отыр», -дейді Аина Қазғұлова.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің мәліметінше, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуда қиындық туындамаған. Қазір «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген температуралық график негізінде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынның бекітілген жылу қуаты – 798 Гкал/сағ.
«Қазір облыста 412 білім беру, 144 денсаулық сақтау нысандары мен 1798 көпқабатты тұрғын үйге, ооның ішінде қаладағы 1224 көпқабатты тұрғын үйге толықтай жылу берілді. Облыста апаттық жағдайлардың алдын алу үшін құрамына қала, аудан әкімдері мен мекемелердің жауапты техникалық қызметкерлері енгізілгнен апаттық бригадалар бекітілді. Жылу беру маусымының өту барысы облыстық ведомоствоаралық комиссияның үнемі бақылауына алынды», -деп мәлім етті Серікқали Қанапин.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы шағынауданда құбырдан ақау табылып, жылу беру уақытша тоқтатылған еді.
Кейін Атырауда апат жойылып, барлық үйге жылу берілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат.