Олар шеткі аудандандарда салынып жатқан аурухана, мектептер мен спорт кешендерін аралады
Бүгін Нұр Отан партиясының қалалық мәслихат депутаттары әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысын тексерді. Олар шеткі аудандандарда салынып жатқан аурухана, мектептер мен спорт кешендерін аралады. Шара партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нұротандықтар партияның жол картасында белгіленген міндеттерді уақытылы және сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алған. Осы ретте фракция мүшелері қалада бой көтеріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Мәселен, қалалық мәслихат депутаты Болат Садықов №7 қалалық клиникалық ауруханасының жанынан салынып жатқан қабылдау бөлімшесінің құрылысымен танысты. Қазір мұнда жұмыстар 50 пайызға аяқталған. Нысан жылына 100 мың науқасты қабылдауға қауқарлы.
«Бұл ауруханада істеліп жатқан жұмыстарды біз апта сайын келіп бақылап отырамыз. Мұнда 62 адам жұмыс істеп жатыр. Ғимарат жыл соңында пайдалануға беріледі», – деді қалалық мәслихат депутаты Болат Садықов.
Ал, депутат Әсия Ақанова Жетісу ауданындағы Ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерге барды. Мұнда ғимаратты бекіту жұмыстары аяқталып қалған. Нысанды шілде айының соңында тапсыру көзделген. Бұдан бөлек білім саласында мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін жаңа білім ошақтары салынып жатыр. Алатау ауданының Саялы және Томирис ықшам аудандарында 1800 және 1500 орындық екі мектеп бой көтеруде. Халық қалаулылары бұл жұмыстарды да бақылауда ұстайды.
«Екі мектептің өзі де желтоқсанға тапсырыста тұр. Оны біз тапсырамыз деп мына орындаушылар айтып жатыр. Соны жан-жақтан қадағалауымыз керек. Соны расында да тек сөз қылмай орындатуға тырысуымыз керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Райхан Бөлекбаева.
Партияның сайлауалды бағдарламасында мегаполисте 5 спорттық-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Бұл шаралар спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесін 33 пайызға арттырмақ. Жетісу ауданында сондай екі спорттық сауықтыру кешені тұрғызылуда.
«Қозыбаев көшесінің бойындағы спорттық кешеннің 40 пайызы дайын болғанын көріп тұрмыз. Осы нысанда 44 жұмысшы маман жұмыс істеп жатыр. Олар бетондаушы, металлоқұрылысшылар», – деді қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ибраимов.
Айта кетсек, сайлауалды бағдарламада 180 пункт қарастырылған. Оның әрқайсысының уақытылы орындалуын қадағалайтын жауапты фракция мүшелері бекітілген.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, Мұрат тайжанов, «Алматы» арнасы