Екі жыл бұрын су мен кәріз құбырын жүргіземіз деп қопарып тастаған көше әлі сол бойы тұр
Көшеде жүруіміз күн сайын азапқа айналып барады. Алатау ауданы «Өжет» ықшамауданының тұрғындары біздің арнаға осылай деп шағым түсірді. Екі жыл бұрын су мен кәріз құбырын жүргіземіз деп қопарып тастаған Сеңгірбаев көшесіндегі құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бітпеген. Ал, жергілікті тұрғындардың балабақша мен базарға баратын негізгі көшесі 10 жылдан бері жөнделмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өжет» ықшамауданы Сеңгірбаев көшесіне осыдан 2 жыл бұрын ауызсу жүргіземіз дегенді естіген жергілікті тұрғындар бөріктерін аспанға атқан. Алайда қуаныштары көпке созылмады. Бірінші жауын жауғаннан-ақ жолда аяқ алып жүру мұңға айналды. Содан бері құрылыстың бітетін түрі жоқ.
«2009 жылы асфальт төселген бұл көшеге. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын кәріз құбыры мен су құбырын жүргіземіз деп, барлығын қопарып тастады. Содан бері басымызға қара бұлт үйірілді. Не құрылыс бітпей жатыр, не асфальт төселмей жатыр. Жауын жауса, мұнда жүру мүмкін емес», - деді Айнұр САҒИЕВА.
Бұл - «Өжет» ықшауданындағы негізгі көшелердің бірі. Негізгі деген себебіміз дәл осы көшемен Өжеттің бірнеше жүздеген тұрғындары базарға, жұмысқа, балабақшаға барады. Барады дейміз-ау, қолдарына пакет ұстап, аяқтарына да киіп алуға тура келеді. Тіпті, жаяу жүрмек түгілі машинамен жүрудің өзі азапқа айналды дейді тұрғындар.
«Адам жүре алмайды. Көлігі барлар оқушыларды сонымен апарады, ал көлігі жоқтар қалай апаратынын білмеймін. Мына көшені айта-айта аузымыз ауырды. Ешкім істемейді де, қарамайды да», - деді ашынған тұрғындардың бірі.
«Үйге кіріп-шығуымыз мұң. Қар жауғанда көліктің дөңгелегі тығылып қалады. Балалар мектепке жүргенде құлайды. Көшелердің жағдайы солай», - деді тағы бірі.
Ал, атмінерлердің өз айтары бар. Жоспар бойынша «Өжет» ықшамауданында ауызсу мен кәріз құбырларын жүргізу жұмыстары 2020 жылдың шілде айына дейін жоспарланған. Құрылысты жүргізіп отырған компания тек осы уақытқа дейін асфальті болған көшені қалпына келтірсе, Жапсарбаев сынды көшелері жарықтандыру мен барлық құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғана жөнделеді дейді.
«Оған дейін жол жөндеушілер өздерінің қопарған, бүлдірген жерлерін асфальттайды қайтадан. Бірақ, толық емес. Асфальт, жарық, кәріз тары тек алдағы 3 жылдың ішінде бітеді. Осы бәрі тартылады», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы «Өжет» ықшамауданы жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Дәлелхан СҰЛТАНОВ.
«Өжеттіктерге» енді алдағы қарлы қыс пен жауынды көктемді жөнделмеген жолда өткізуден басқа шара жоқ. Атқамінерлер келер жылдың шілдесін де ғана жаңа жол төселеді деп уәде етті. Ал, қазір уақытша тек қиыршық тастар ғана төсеп бере аламыз деді.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы