|
09.02.2023 | 21:23
640

Түрксітан облысындағы көкпаршы келіншек ағылшын жылқысын баптайды

Көпбалалы ана соңғы кездері жүйріктер сынына қатысуға рұқсат берілмей жүргенін айтады

Түрксітан облысындағы көкпаршы келіншек ағылшын жылқысын баптайды Almaty.tv

Түркістан облысының Созақ ауданында көкпар тартып, бәйгеге қатысатын шабандоз Адолат Әлтешова аудандағы атағы дардай көкпаршылардың көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Адолат Алтешова ат баптап, көкпар тартып, бәйгеге қатысады. Жастайынан ат жарыстарынан қалмайтын тәжірибелі атбегі әйел талай тартысты додада жүлде де алған. Ағылшындық жылқы баптайтын келіншек –  6 баланың анасы. Талай көкпардан тақымы майланып қайтқан ана тек кейінгі кездері жүйріктер сынына қатысуға рұқсат берілмей жүргенін айтады.

«Сәби күнімнен-ақ 4 жасыма дейін әкем алдына мінгізіп, атқа үйретті. 5 жасымнан бастап, өзім міндім. Ені осы күнге дейін жылқымен айналысамыз. Шешеміз атқа мінгенді жақсы көретін. Әкеміз шабандоз болған, көкпаршы болған», – деді  Созақ ауданының тұрғыны Адолат Алтешова

Ал келіншектің анасы Адолат құрсақта жатқанда қайныларымен бірге көкпар тартқан. 4 жасынан бастап ат құлағында ойнайтын әйел ұлттық ойын түрлерін жақсы игерген, тұлпар мен пырақ болар жылқыны құлын күнінен таниды. Ол 13 жасында алғаш рет аудан бойынша өткен бәйгеде бірінші орын алған. Әрине, оның қоржынындағы жеңіс мен жетістік тізімі мұнымен шектелмейді.

«Ешкім бетімді қайтарған емес. Осы жақында күздің күні көкпар болды. Сол кезде мені «әйел адам болмайды» деп шығарып тастады», – деді Созақ ауданының тұрғыны Адолат Алтешова.

Адолат Алтешованың жан-жары отанасының көкпар тартып, жарыстарға қатысқанына еш қарсы емес. Ол тіпті қазіргі таңда Созақ ауылы маңынан жылқы фермасын ашып, көкпар аттарын баптаумен айналысады.

«Жасыратыны жоқ бар болмысымен ұнаттым. Алланың қалауымен отбасын құрдық. Әйелге лайықты күйеуіне деген құрметі бар. Жылқыны жақсы көреді. Мен де құмармын. Балалар да қызығады», – деді Созақ ауданының тұрғыны Халық Әбішев.

Бүгінде көпбалалы отбасы ат баптап, үлгілі тіршілік кешіп жатыр. Әбішевтер әулеті – ауыл балалары арасында көкпар тартып, бәйге шабатын шабандоздар саны көбейсе деген тілегі барын жасырмайды.

Гүлдана Дәурен,  Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир