Кешенге 20 жылдан аса уақыт жөндеу жасалмаған
Атырауда жалғыз стадион бар. Бірақ сол бір ғана Мұнайшының өзі әбден ескірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқасы былай тұрсын, дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі дәретхананың іші адам шошырлық күйде. Сұмдық жағдайды бұған дейін тұрғындар түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Кейіннен салынғанына 20 жылдан аса уақыт өтсе де жергілікті биліктің мұнда бірде-бір рет жөндеу жүргізбегені мәлім болды.
«Іште басқа әжетханалар бар. Бұл жақ жабық тұрған, адам қалай кірді, білмеймін. Ескі әжетханалар сүріледі. Жылда ішін тазартып, әктеп тұрамыз», - деді Жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Абылай Сағымбаев.
Жалпы аймақтағы жалғыз Мұнайшы стадионы 2001 жылы пайдалануға берілген. Содан бері, бірде бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Тіпті футбол, веложолақ, жанкүйерлерге арналған орындық пен спорттық алаң стандартқа сай емес. Қазір мұнда бас аяғы 8 әжетхана бар, соның тек үшеуі ғана жұмыс істейді.
«Стадион 8400 адамға арналған. Бекітілген норматив бойынша 252 орын болуы керек. 60 пайызы ерлерге, 40 пайызы әйел адамдарға арналған. Қосымша жуанатын жері болуы тиіс. Қазіргі таңда Мұнайшы стадионы біздің стандартқа келмейді. Енді құжаттар жасалып жатыр», - деді Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорт ғимараты басшысы Ұзақ Тусаев.
Мұнда ай сайын бірнеше спорттық іс-шара өткізіледі. 8000 адамға шақталған Мұнайшы стадионына келер жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал жобалық-сметалық құжаттамасына облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінген екен.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы