Медеу ауданы тұрғындарына ауыз су қалай жеткізіліп жатыр

27.07.2023 02:25

Кейбір шағынаудандарға био-дәретханалар да қойылады

yandex.kz

Сусыз қалған алматылықтарға тіршілік нәрі қашан берілетіні белгісіз. Селден кейін лайланған өзен әлі тазармаған. Сондықтан жауаптылар сүзгіден өткізе алмайды. Соңғы 8 жылда болмаған шілденің ыстығында таудағы мұздықтар еріп, арнасынан асқан өзеннің ағысы басылмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аптап ыстыққа тау шыңындағы мұздықтар да шыдас бермей жатыр. «Соңғы уақытта жылдам еріп, өзен ағысын шамадан асырды» дейді төтенше жағдайлар департаментінің өкілі. Жағдайға байланысты мореналық көлдерді әуеден бақылау, тексеру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

– Мұндай ыстық соңғы 8 жылда болмаған. Осыған байланысты мұздықтар қазір қатты еріп жатыр. Салдарынан өзендегі су көтеріліп, жағасы шайылып жатыр, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков.

Өзеннің лайланғаны өткен аптадағы селден кейін байқалды. Тасыған өзеннің ағысы басылар емес. Жауаптылар ол суды сүзгіден өткізе алмай отыр.  

– Қазір тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Лайланған суды сүзгіден өткізсек, құрылғы бітеліп қалады. Ал оның салдары бұдан да қиын болады. Бұл табиғи құбылыс, өзен тазармай жатыр. Тоқтаған ауыз суды қайта қосатын уақыт тазаруына қарай белгілі болады, – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.

Тіршілік нәрінің тапшылығын қазіргі уақытта Наурызбай ауданының кей бөлігі көріп отыр. Ал Медеу ауданының бір бөлігінде су тоқтағалы бүгін бесінші күн. Жергілікті әкім халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданғанын айтты.

– Қосымша  тағы 6 су таситын көлік қосып, ертеңнен бастап аудан бойынша су таратады. Бізде қаражат шешілген. Ол жеткілікті болуы тиіс, – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Медеу ауданының әкімі лайланған өзенге қатысты туған мәселе түпкілікті шешілмейінше, тұрғындарға су жеткізіп отыратынын айтты. Оның айтуынша, кейбір шағынаудандарға био-дәретханалар да қойылады.

Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Эксклюзив: М.Әбілязовтың нағашысы шетелде қашып жүргендерді Қазақстанға қайтуға шақырды