Кеңес Одағының батыры атағын тұңғыш алған қазақ қызы

08.05.2021 02:28

Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәншүк 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген

Фото: ашық дереккөзден

Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған  пулеметші, аға сержант Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәншүк  1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Қылығы тәтті үш жасар Мәншүкті әкесінің перзент сүйе алмай жүрген інісі Ахмет асырап алған. Ата-анасы қыздарының қалада оқып, болашағы жарқын болғанын қалайды. Осылайша қазақтан шыққан алғашқы дәрігер Ахмет Мәметов жұбайы Әминамен Мәншүкті Алматыға алып кеткен.

«Менің анам Айман Мәметова Мәншүк Мәметованың немере сіңлісі болған. Анам және әжелерім Мәншүк жайлы жиі айтатын. Оның нәзік қыз болғанын, нәзік болмысымен қатар өжет, қайсар, батыр болғанын айтатын. Біз Мәншүкті жиі есімізге аламыз», —  деді Мәншүк Мәметованың туысы Гүлжан Жиенбаева.

Қазірде қаһарман қыздың құрметіне арнап өзі оқыған №28 мектепке Мәншүк Мәметованың есімі берілген.

«Мұражай 5 мамыр 1978 жылы ашылған. Ашылуына, салтанатты рәсімге Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметова қатысқан. Одан бері міне 43 жыл болды мұражайға. 43 жылдан бері мұражайымыз үзбей жұмыс істеп келе жатыр», — деді М. Мәметова атындағы №28 мектеп лицейінің директоры Айсұлу Медетбекова.

1942 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына алынған қазақтың қайсар қызы Невель қаласын жаудан босату үшін 174 метр биіктікте сұрапыл ұрыста  қазақтың жаужүрек пулеметші қызы құйындата оқ боратып, 70 неміс фашисін жер жастандырады. Қасық қаны қалғанша жаумен қасқая күрескен қазақтың батыл да батыр қызы Мәншүк 1943 жылғы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан.

Назгүл Әмірбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.