Таразда нәзік жанды полиция қызметкері 9 бала тәрбиелеп отыр

05.08.2020 03:42

Оның төртеуін жалғызбасты әйел асырап алған

Аlmaty.tv

Таразда нәзік жанды полицей 9 бала тәрбиелеп отыр. Оның төртеуін жалғызбасты әйел асырап алыпты. Ұрпақ өсіру жауапкершілігімен қоса, батыр ана кәмелетке толмағандардың ісі бойынша жергілікті полиция басқармасында жұмыс істейді екен. Бала қамқорлығымен бірге ауыр жұмысты қоса ала жүрген көпбалалы ана жайлы Almaty.tv тілшісі Сая Меңдекенің бейнематериалда.

35 жастағы сымбатты, нәзік жан Дилафруз Кенжеханова 9 бала асырап отырған көпбалалы ана. Оның жергілікті полиция басқармасының офицері екеніне бір қарағанда сену қиын. Кішкентайының 2 жасқа енді толғанына қарамастан, батыр ана өзінің ювеналдық полициядағы қызметін тоқтатқан жоқ. Асырап алған балаларын да ол осы қызмет бабымен жолықтырған. Былтырғы жылы «Мектепке жол» шарасы аясында инспекторлар Тараздағы 55-інші жетім балаларды анықтайды. Әкесі жоқ, анасы қайтыс болған 4 баланы осы күнге дейін күнін әзер көріп жүрген атасы асырап келіпті.

«Шараповтар отбасымен танысуға барғанымызда, кәмелетке толмаған 4 жасөспірімнің қандай жағдайда өмір сүріп жатқаныны көргенде жүрегім қан жылады. Ұл балалардың да үсті басы кір, қаршадай қыз балалардың ыдысты суық сумен жуғанын көріп жаным ауырды. Көз жасымды тия алмай, жылап жібердім. Сол сәтте балалардың асыраушысы болам деп шешім қабылдадым», – деді полиция майоры, көпбалалы ана Дилафруз Кенжеханова.

Дилафруздың бала асырап алу туралы шешімін оның туған балалары түсіністікпен қабылдаған. Олар бірден тіл табысып кетті дейді ананың өзі. Үйдің үлкені, Марат  қазір 18-де. Кішісі Шынарбек 2 жаста. Мейірімді жанның үй шаруасымен жұмысты қатар алып жүруіне балалары қолдан келгенше көмектесуге тырысады.  

«Таңертең таңғы 06.00-да тұрамыз. Таңғы асымызды ішіп, үй жұмысын әрқайсымыз бөліп аламыз. Балаларым ақылды, тіл алғыш. Өздеріне жүктелген міндетті тиянақты орындауға тырысады. Кешкі ас ішіп отырып, әңгімелесеміз бәріміз. Олармен сырласамын, әрқайсысының жеке-жеке ішкі жан-дүниесін түсінуге ұмтыламын», – деді полиция майоры, көпбалалы анна Дилафруз Кенжеханова.

Туғандарына деген махаббат сезімі көпбалалы ананың полициядағы жұмысы мен бала тәрбиесін қатар алып жүруіне септеседі. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Дилафруз балаларымен тілдесуге үнемі уақыт табады. Ер жеткен ұлдары, тіпті, кейде аналарына жұмыс бабымен қол ұшын созады екен. Еріктілер ретінде жоғалған балаларды іздестіруге рейдтерге шығады.  

Сая Меңдеке, Татьяна Ким, Мақсат Күнібеков,  «Алматы» арнасы