Алматыдағы «Көктем-2» шағынауданы тұрғындары коммуналдық мәселелерге шағымданды

Алматыдағы «Көктем-2» шағынауданы тұрғындары коммуналдық мәселелерге шағымданды
Егер олқылықтар орын алса, құқық қорғау органдарына арыз тастауға бекініп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Айтуларынша, 26 жылдан бері басшылық еткен ПИК қызметкерлері түк тындырмапты. Қазір бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген құбырлар шіріп әрең тұр. Сондықтан, жылу да тұрғын үйге кештеу жеткен көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

«Көктем 2» ықшамауданындағы «Баянды» пәтер иелері кооперативіне қарайтын үйлер тұрғындарының айтуынша, ПИК-тің құрамына бас-аяғы 21 көпқабатты үй кіреді. Биыл Алматыда ауа-райына қарай жылу маусымы 15 қазанда басталды. Алайда, №10 тұрғын үйге жылу кеш жетті.

«Біз ПИК-пен келісім-шарт жасастық. Біз оларға ай сайын 600 000 теңге төлейді екенбіз. Бірақ неліктен екенін білмейміз, бізге әлі жылу берген жоқ», - деді бір тұрғын.

«Суық өте, өйткені құбырлар мүлдем жөндеу көрмеген, шіріп кеткен», - деді келесі бірі.

«Онда екі элеватор бар, екеуі де істемейді. Жалпы, қай үйді алсаңыздар да, құбыры шіріп, элеваторлары істемейді», - деді тағы бірі.

Жылудың неліктен кеш берілгенін кооператив қызметкерлері былай деп түсіндірді.

«Апат болды. Себебі, шүмек бітеліп қалған. Онда температура болмады. Сондықтан тұрғын үйде ыстық суды өшіруге тура келді. Үйде жылу жоқ деп шағымданған 2-кіре беріс тұрғындары өздері құбырды жауып, үлкен құлып қойып тастаған. Кіретін мүмкіндігіміз болмады», - деді «Баянды» пәтер иелері кооперативінің сантехник маманы Мұрат КӨКЕМБЕКОВ.

Дегенмен, білдей көпқабатты үйдің бірнеше тұрғыны шағымданған соң келесі күні «Көктем 2» мекен жайына қайта бет алдық. Басты мақсат  жылудың берілгенін білу еді. Көшеде ешкім болмаған соң, әркімнің есігін қағып, мән-жайды білуге тырыстық. Олар жылудың үйлеріне жеткенін мәлімдеді. Осы тұста подьездге кіріп келген «Баянды» пәтер иелері кооперативі төрайымының міндетін атқарушы түсірілім тобына кедергі келтіруге тырысып бақты.

Кейін аулаға жиналған тұрғындар 40 жыл бұрын салынған көпқабатты үйдің көптен бері кешенді жөндеу көрмегенін айтып шағымданды. Наразы халық осыған дейінгі басшылықтың ортақ мақсатқа деп жинаған қаражатты қайда жұмсағанын білгіміз келеді дейді. Себебі, жылдар бойы жөндеу көрмеген жертөле ескіріп, құбырлар шіріп жатыр.

«Бізден ақшаны суырып алады. Бірақ түк істеп жатқан жоқ. Жертөледен бастап, шатырға дейін ескіріп тұр», - деді тұрғын.

«Жертөлемізге кіріп көріңіздерші, онда не болып жатқанын көрсеңіздер, шошисыздар. Бәрі шіріп тұр», - деді келесі бірі.

Ал бір ай бұрын келген төрайым қазір сынақтан өтуде. Ол да үйлердің осынша аянышты күйге түскеніне аң-таң.

«Мен үйді қабылдап алған кезде жертөленің жағдайы адам шошырлық жағдайда еді. 26 жыл ішінде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Мәселен, қазір жылуды қосты. Дегенмен, температура жоқ. Құбырлар апатты жағдайда тұр. Бізде дәнекерлеуге келмейтін жертөлелер бар», - деді «Баянды» пәтер иелері кооперативі төрайымының міндетін атқарушы Эльмира НҰРҚАСЫМОВА.

Тұрғын үй қорындағы ақшаның қайда жұмсалғанын білмек болған тұрғындар аудитор жалдап, соңғы 3 жылға тексеріс жүргізіп жатыр. Нәтижесі бір айда белгілі болады. Егер олқылықтар орын алса, құқық қорғау органдарына арыз тастауға бекініп отыр.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров