Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қоғамдық тәртіп күзетінде жүретін мамандар бүгін де мейрамға қарамастан, қала тыныштығын бақылап жүр
23 маусым – полицейлердің де кәсіби мерекесі. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қоғамдық тәртіп күзетінде жүретін мамандар бүгін де мейрамға қарамастан, қала тыныштығын бақылап жүр. Тәртіп сақшыларының бір күндік жұмысымен танысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапияновтың сюжетіне кезек берейік.
Біз қазір арнайы патруль көлігіне отырып, полициямен бірге тәртіп бұзатындарды анықтау үшін жолға шығамыз. Ендеше, жол сақшыларының бір күндік жұмысын білгіңіз келсе, бізбен бірге болыңыздар.
Бұлар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әдеттегі жұмысына бара жатқан тәртіп сақшылары. Олар таңғы сағат 07.00-ден кешкі 21.00-ға дейін ауа райының ыстығы мен суығына, тіпті өз мерекелеріне қарамастан кезекшілікте жүр. Полицияда 3 жылдан астам қызмет атқарған Дәурен Есімов тәртіп сақшысы болуды кішкентайынан армандаған. Ендігіде сол бала қиялы күнделікті жұмысыма айналды, дейді.
«Енді бұл жерде полиция қызметкері болғаннан кейін ыстығы да болады, суығы да болады. Қиын кездер де болады. Оның бәріне шыдаймыз. Ант бердік. Мемлекет алдында арнайы ант бердік. Біз антымызда тұрамыз», – деді қалалық мамандандырылған батальон қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Дәурен Есімов.
Тәртіп сақшылары бар болғаны 2 сағаттың ішінде жол ережесін сақтамаған 10-ға жуық көлікті тоқтатып, ауызша ескерту берсе, тәртіпті өрескел бұзған жүргізушілерге хаттама толтырды.
«Менің бұл қызметте жүргеніме 7 жыл болды. Еліміздегі барлық полиция күні-түні қала тыныштығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Осы орайда қала тұрғындарынан өтінерім – жол жүру ережесін сақтап, өздеріңіздің де, өзгелердің де денсаулығына жауапкершілікпен қарасаңыздар екен», – деді қалалық мамандандырылған батальон қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Елдос Тілеулиев.
Одан бөлек көлік жүргізушілері де осы сәтті пайдалана отырып, полиция қызметкерлерін мересімен құттықтады.
«Мына полиция қызметкерлерін мейрамымен шын жүректен құттықтағым келеді. Осы біздің полицияның арқасында осылай тыныштық, ешкім жол ережесін бұзбайды», – деді қала тұрғыны Ғабит Жолдасбай.
«Мына полиция қызметкерлеріне рақмет. Ескерту беріп жатыр. Бүгінгі мейрамдары құтты болсын. Қала тыныштығы әуелі Алла, екінші осы қызметкерлердің арқасы», – деді қала тұрғыны Жамбыл Тоғымов.
Бүгінде Алматыда 6 мыңнан астам тәртіп сақшысы бар. Оның әрқайсысы өз ісіне адал, Отан үшін отқа түсуге әзір азаматтар, дейді сала мамандары. Сондықтан ел дегенде елеңдеген полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен екені анық.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы