Әуежайда билеттер қайтарылмай жатыр, бағасы шарықтап кетті деген ақпар қауесет боп шықты

Әуежайда билеттер қайтарылмай жатыр, бағасы шарықтап кетті деген ақпар қауесет боп шықты
Жолаушылар ұшақпен де, пойызбен де діттеген жеріне қиындықсыз кетіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халық қара жамылып, ел есеңгіреп жатқан сәтті өз пайдасына қолданатындар бар. Әуе апаты орын ала салысымен, әуежайда билеттер қайтарылмай жатыр, құны да қымбаттап кеткен деген хабар таратқандар болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Біз екі сағат бойы Алматы халықаралық әуежайындағы жағдайды бақылаған едік. Байқағанымыз әуежай штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Кассалардың алдында ешқандай ұзынсонар кезекті көрмедік.

Ал, әуежайда өз рейстерін күтіп отырғандар барлық ұшақтың уақытылы келіп-кетіп жатқанын айтады. Дүрлігіп жүргендерді көрмедік дейді.

«Біз сайт арқылы билет сатып алғанбыз. Ешқандай проблема туындамады. Сонымен қатар, кеше ғана жүгіміздің салмағын ұлғайттық. Онда да қиындық болмады».

«Билет алып жатқан кезде, ешқандай да әуре сарсаң болғанымыз жоқ».

«Бұған дейін де ұштық. Ешқандай  шикілік болған жоқ. Дәнеме де өзгерген жоқ. Бәрі қалыпты».  

Халықаралық Алматы әуежайының өкілдері апат болған күні кассада кезектің болғанын жеткізді. Бірақ қазіргі жағдай қалыпты.

«Осыдан екі күн бұрын Bek Air кассаларында кезек болған. Шамамен 20 адамдай. Алайда, қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, жолаушылар еш кешігусіз, уақыттарымен келіп-кетіп жатыр. Өзге әуе компаниялары өз мойнындарына алып, тасымалдап жатқан көрінеді», – деді  Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті Бақытхан ӘБДІРАСЫЛОВ.

Bek Air 27 желтоқсаннан 2020  жылдың 10 қаңтарына дейін 19 мыңға жуық билет сатқан екен. Қазіргі уақытта билеттерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Ал онлайн сатып алғандар, дәп солай қайтара алады. Тек «күшін жою» деген батырманы басса болғаны. Бұдан бөлек, қосымша рейстер  қатынайды. Мәселен, эир астана Нұр-Сұлтаннан Алматыға және Алматыдан Атырауға қосымша  5 рейс ашып отыр. Сонымен қатар,  Bek Air дің тұтынушылары бастапқы бағамен «Эйр Астана», «Qazaq Air» және «SCAT» әуе компанияларының ұшағына отыра алады.

«Әзірше біз 500-ден астам жолаушыны қабылдадық. Апатқа ұшыраған рейсінде жолаушылардың туыстарын тегін тасымалдадық. Және қазіргі кезде 53 адамды тегін тасымалдап болдық», – деді Air Astana ұлттық әуе компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек ӘБДІРАХЫМОВ.

Сонымен қатар барлық бағыттар бойынша қосымша вагондар қосылады. Ал бүгін Нұр-Сұлтаннан Алматы бағытында қатынайтын жаңа бір реттік пойыз іске қосылды. Мұндай ақпарды «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми өкілі Диас Ахметшәріп беріп отыр.

«Ол жерде тек жаңа вагондар. Біздің Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Тұлпар» вагон құрастыру зауытында құрастырылған ресей технологиясына сай. Сол себепті бір реттік пойызды іске қосып отырмыз. Ол пойыз Алматыға барғаннан кейін Алматы-Маңғыстау бағыты бойынша тұрақты түрде қатынайтын болады. Сонымен қатар, мына Жаңа жылдық мерекелердің алдында біз Қазақстандағы барша бағыттар бойынша 500-ге жуық қосымша вагонды тіркейік деп отырмыз» – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі  Диас АХМЕТШӘРІП.

Алматы вокзалдарында да жағдай қалыпты. Билет жетіспеушілік байқалмайды. Ғимаратта мұнша адамның көптігі қалыпты дейді осындағы қызметкерлер. Жаңа жыл қарсаңында вокзалдағы адам саны еселене түседі. Жалпы, жолаушылар ұшақпен де, пойызбен де діттеген жеріне қиындықсыз сапарлап жатыр.  

Өмір Әнуарбек Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров