Қарағандыда туберкулезден емдейтін орталықтың орнына балабақша салынбақ. Мектепке дейінгі мекеменің құрылысына тұрғындар наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өңірде балабақша тапшылығы байқалады. Бірақ мәселені шешпек болғандар мектепке дейінгі мекемені бұрынғы диспансерлік орталықтың орнына салып жатыр. Оның үстіне, аурудан айықпай, дерттен көз жұмғандар көмілген орын да осы маңда екен. Бұл мәліметті Бөкейхан ауданының бұрынғы тұрғындары да растады. Ел ішіндегі сөзге елең еткен азаматтар балабақшаның құрылысына қарсы шыққан.
– Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде созылмалы туберкулезбен ауырғандардың бөлімі болған. Өзіңіз ойлаңызшы, науқастар осы жерде көз жұмған. Осының барлығын ескеру керек еді. Бұл жерге жай ғана өндіріс емес, 160 орындық балабақша салғалы жатыр, – деді қала тұрғыны Марина Барбанель.
– Балабақшаға баламды бермеймін. Қауіпті ғой! Егер құрылыс тиісті нормаларға сай екені дәлелденсе, ойлануға болады. Бірақ дәл қазіргі жағдайда баламды балабақшаға беруге қарсымын, – деді қала тұрғыны Анастасия Бехтольд.
Қызығы, ел ішінде желдей ескен күмәнге әкімдік қарсы уәж айтар емес. Жергілікті биліктің мұнысы көптің күдігін одан ары күшейткен. Дегенмен бұрын-соңды бұл жерде өкпе ауруын емдейтін орталық болғанын растайтын құжат мұрағатта сақталмапты.
– Қолымызда ресми құжат болмай тұр. Тек тұрғындардың сөзіне сүйенуге мәжбүрміз. Бірақ бұл ақпаратты міндетті түрде анықтаймыз. Егер шынымен де ондай мекеменің болғаны расталса, құрылыстың орнын ауыстыруға уәде береміз, – деді жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Дәурен Шәкенов.
Балабақшаның құрылысы тоқтап тұр. Бірақ оған тұрғындардың наразылығы емес, жеке кәсіпкердің рұқсатсыз нысан тұрғызғаны себеп. Мұндай әрекеті үшін оған Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы 1 млн 200 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
– «Алтын сақа» ЖШС жобалау-сметалық құжатсыз, хабарландырусыз салғаны үшін материалды сот тексеріп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс монтаждау жұмысы тоқтатылды. Алдағы уақытта мәселені шешу үшін тиісті құжат пакеті толықтырылуы тиіс, – деді Қарағанды облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Айдын Смағұлов.
Балабақша құрылысына қатысты дау жергілікті билік өкілдері мұрағаттан құжатты тапқанда ғана басылмақ. Ал жергілікті әкімдік әзірге істі жылы жапқанымен, көпшілік нақты дәлел-дәйектің ұсынылуын талап етіп отыр.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды
Оқи отырыңыз: Шымкенттік ғалымдар аты жаман ауруды емдейтін шөп тапты