Қазіргі таңда екінші күні сол құрбандық шалу және де құрбандық еттерін тарқату жалғасып жатыр
Қасиетті Құрбан айт мейрамының алғашқы күні көмекке мұқтаж 1500 алматылық құрбандыққа шалынған малдың етін алды. Сондай-ақ, онлайн Құрбан шалуға өтініш қалдырғандарға бейне-есеп те жолданды. Айта кететін жайт, мереке қарсаңында карантиндік шараларды сақтау үшін 600-ден астам мал басы қалаға кіргізілмей, кері қайтарылды. Қалалықтар Құрбан айтты қалай қарсы алды? Бұл туралы Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтады.
Еліміз биыл Құрбан Айт мейрамын пандемия жағдайында екінші рет қарсы алды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұқпалы індеттен сақтану үшін діни шараны онлайн өткізуді ұсынды. Дегенмен Алматы қаласындағы Шаңырақ шағын ауданының тұрғыны Ержан Серғазиев пен ұлдары өзінің жекеменшік үйінде ниет етіп қой сойып, көрші-қоланға таратып берген.
«Кеше алғашқы күні болғандықтан, құрбандық шалдық. Құрбан айт қабыл болсын баршамызға», – деді қала тұрғыны Ержан Серғазиев.
Ал онлайн құрбан шалуға тапсырыс бергендердің кейбірі сойылған малдың бір бөлігін өздері ауыз тиюге алып жатыр. Бұл да бір дәстүр qurban2021.kz сайтына тұрмыстық жағдайы төмен отбасы да өтініш берді. Қасиетті мейрамның алғашқы күні олар да өз үлесін алып, алғыстарын білдіріп жатты.
«Онлайн өтініш беріп көрдім. Алайда мені ешкім бөліп жарған жоқ. Керісінше, бұл мейрамды адамзат баласына ортақ деп, өтініш бере салған күні үйіме қажетті етті әкеліп берді», – деді қала тұрғыны Наталья Оленикова.
Қасиетті мейрамның алғашқы сағаттарынан бастап халық игілігі үшін қызмет етіп жүрген имамдар мен наиб имамдардың айтуынша, онлайн Құрбан Айт жоспар бойынша орындалып жатыр. Бір күннің өзінде мешіт еріктілері бірлік танытып, аз қамтылған отбасыға ет тасып, тапсырыс бергендерге видео жолдап үлгерген.
«Құрбан айттың бірінші күнінде 280-нен астам қой, 13-тен астам сиыр сойылып, оның еттері 975 отбасыға жеткізіп берілді. Қазіргі таңда екінші күні сол құрбандық шалу және де құрбандық еттерін тарқату жалғасып жатыр», – деді орталық мешіттің бірінші наиб имамы Ержан Базарбекұлы.
Құрбан айт – ата-бабамыз ықылым замандардан бері, жауапкершілікпен қарап, міндетті түрде атап өткен қасиетті мейрам. Бұл күні арадағы реніш ұмытылып, жаңа сойылған мал әр үйге майлы болсын деп азықпен бөлісіп, пендешілікті ұмытып, адамгершілік пен достықты жанға арқау ететін күн.
Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы