Биыл Президенттің жастар кадр резервін іріктеуге бюджеттен 70 млн теңге жұмсалған
Президенттік кадр резервінде лауазымды басшылардың балалары жоқ. Ол туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе міндетті түрде тексеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, биыл Президенттің жастар кадр резервін іріктеуге бюджеттен 70 млн теңге жұмсалған. Ол қаражат ІТ-платформаны дайындауға, сарапшыларды тартуға, ассесмент-орталық ұйымдастыруға бөлінген.
«Біз керісінше, мүмкіндігі жоқ жастарға «әлеуметтік лифт» үсынғымыз келеді. Негізі, олар конкурсқа қатысып-ақ мемлекеттік қызметке бара алар еді. Бірақ Президенттік жастар кадр резерві арқылы өткісі келсе, неге болмасқа? Бізде кадр резервіне өткен адамдардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары жоқ», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер қатары биыл 10 пайыз, келер жылы 15 пайыз қырқартылады. Алайда бұл қысқартудың Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 50 адамға ешқандай әсері болмайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшіге жұмыстан тыс уақытта қосымша табыс табуға рұқсат беретін норма енгізілмек.
«Неліктен оларға қосымша жұмыс істеуге болмайды? Болады. Бірақ кәсіпкерлікпен емес. Мысалы, жұмыстан бос кезінде таксист болып жұмыс істеуге болады деген сияқты. Отбасын асырауға қосымша қаражат керек болса, соған рұқсат беретіндей заңнамалық өзгерістер дайындап жатырмыз. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Ал кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды», – деді Анар Жайылғанова.