Көп жыл Елбасының ұшағын басқарған ұшқыш жайлы не білеміз

12.06.2020 02:33

Ол Елбасының сапар кезінде сабырлы әрі жайлы жолаушы болғанын айтады

© Sputnik / Тимур Батыршин

Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы бас ұшқышы Ербол Оспанов зейнетке шықты. Ол Елбасының сапар кезінде сабырлы әрі жайлы жолаушы болғанын айтты. Біздің тілшілерге сұхбат барысында Елбасымен алғашқы ұшқан сапарын да баяндап берді. Ұшақ командирі ретіндегі өзінің соңғы рейсін Boeing 767-мен Лондон-Алматы бағытында жасап, әуедегі қызметін сәтті аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл – Ербол Оспановтың ұшақ командирі ретіндегі соңғы рет ұшуы. Ол ең алғашқы сапарында гуманитарлық жүк жеткізген екен. Осы жолы да солай болды. Сонау 1972 жылы «Ан-2»-мен Шығыс Қазақстандағы Марқакөлге вакцина апарса, енді Боинг-767-мен Лондонға медициналық және қорғаныш заттары мен жасанды тыныс алу аппараттарын жеткізді. 65 жасқа толған әуе кемесінің командирі Ербол Оспановты әріптестері сән-салтанатпен зейнетке шығарып салды.

«Boeing концернінің заманауи әуе лайнерлерін басқаратын Қазақстанның алғашқы ұшқыштарының бірі бола отырып, ол Аіг Astana компаниясының Орталық Азияның жетекші авиакомпаниясы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан авиациясының дамуына еңбегі сіңді. Біз оны енді ұшақ бортынан көруді сағынатын боламыз», – деді Аir astana ҰӘК президенті Питер Фостер.

Ғұмырын осы салаға арнаған командир 17 жыл Нұрсұлтан Назарбаев флотының бас ұшқышы қызметінде болған. Ұшқыш Елбасымен бірге шартарапты шарлады. Тұңғыш Президенттің өзі де ұшқыш болуды армандаған. Сол себепті бұл салаға аса қызығушылық танытқанын айтады. Ұшу барысында ара-тұра ұшқыштардың жанына барып, хабар алып тұратын көрінеді. Ол Елбасымен алғашқы ұшқан сәті жайлы естелігімен бөлісті.

«Маған 1995 жылдың сәуірінде Қытай мемлекеттік кеңесінің төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлының жеделхатын жіберу тапсырылып, Президенттің кабинетіне шақырды. Ал жанында Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Тоқаев ол кезде Сыртқы істер министрі еді. Сол сапарымызда қазіргі президентіміз бізге аудармашы болып, Қытайдан жауап ретінде құттықтауын алып қайтқан болатынбыз», – деді ұшқыш Ербол Оспанов.

Ол бүгінге дейін 21 мыңнан аса сағат әуе кеңістігінде болған. Қазір оның қызы Англияда ұшқыш болып жұмыс істейді. Оспановтың айтуынша, ұл-қызының осы салаға келуіне өзінің де ықпалы болған. Зейнетке шыққанына қарамастан, ұшумен қоштаспайтынын, әлі де ұшақ тізгініне оралатынын айтты.

Ұлағат Арғын, "Алматы" арнасы