Бұл – өткен жылғы қорытынды. Сондықтан Алматылық онкологтар «обырдан сақтануды ерте бастан қолға алу керек» деп дабыл қағуда. Себебі биыл да аты жаман аурудың көлемі артқан. Ел арасында сүт безі, өкпе, жатыр мойны, тоқ ішек және асқазан обырлары көп тараған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Осыған орай, алматылық онкологтар арнайы жиын өткізіп, халықты уақытылы скринингтен өтуге шақырды. Ақ халаттылардың мәліметінше, елімізде жыл сайын қатерлі ісіктен 14 мыңнан астам адам көз жұмады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда азайған екен. Бірақ өлім саны төмендегенімен, обырмен ауыратындардың қарасы көбейіпті. Белгілісі, қазір 36 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік дерті анықталған.
«Мәселен біз өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға көп көңіл бөліп отырмыз. Себебі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде де осы өкпе обырынан болатын өлім-жітім бірінші орында тұр. Әрине, бұған халықтың темекіні көп тұтынуы, экологиялық факторлар және ауылдық жерлерде көгілдір газдың болмауы себеп болып отыр», - деді Қазақ ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.
Халық денсаулығын жақсарту үшін Қазақстанда тегін онкоскринингтер жұмыс істейді. Пациенттер обырдың үш түрінен тегін ем ала алады. Олар: сүт безі обырынан 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, колоректалды, яғни тоқ ішек обырынан 50-ден 70 жас аралығындағы адамдар және жатыр мойны обырынан 30-дан асқан азаматшалар тексеріле алады.
«Бірінші сатысында адамдар жәй жүре береді, ешқандай жері ауырмайды. Поликлиникаға бармайды. Әсіресе ауылда ғой. Біз барып қарадық қой, ауылда ештеңе керек емес, ешқандай емхана керек емес жүре береді. Сол үшін мына үш нәрсені ұмытпай міндетті түрде жасау керек. 50-ге не 40-қа келдіңіз бе, уақытты созбай поликлиникаға барып қаралыңыз, оны жауапкершілік дейді», - деді Қазақ ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Нұрлан БАЛТАБЕКОВ.
Қатерлі ісікпен 8 жыл күрескен қаршадай қыз Аружан бүгін сол дерттен қалай айыққанын айтып көзіне жас алды. Оған дәрігерлер мойын лимфа түйініндегі обыр деген диагноз қойған екен.
«Өліп кетуден қорықтым... Химиотерапия алу да маған өте қиын болды. Өйткені шашым, кірпіктерім, қастарым түгелдей түсіп қалды. Ол мен үшін өте қиын болды. Бірақ соған қарамастан маған көмектескен жандар өте көп болды. Және де тағы көмектескені ол – спорт», - деді Аружан ТОҚАН.
Мамандар қатерлі ісіктің белгілері бастапқы сатыларда білінбейді дейді. Бүгінде онкологиялық ауруға күдік тудырған емделуші компьютерлік және магнитті-резонансты томограмма зерттеулерін тегін жүргізе алады. Бұл қызмет бұрын тек обыры расталған азаматтарға ғана қолжетімді болатын. Сондай-ақ өңірлерде кешенді көмек көрсету үшін 19 мобильдік бригада құрылған. Онкологтар мұндай паллиативтік қызметтер біздің елде ғана тегін жүргізіледі дегенді алға тартты. Сондықтан да тұрғындар тегін беріліп отырған емді уақытылы қабылдап, жоспармен тексерістен өтіп отырғандары абзал деп баса айтты дәрігерлер.
Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев «Алматы» телеарнасы.