Бұл туралы бүгін тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігіне жауапты Айзат Молдағасымова мәлімдеді. Оның сөзінше, шетелден келген азаматтардың 4910 -ы арнайы тексерістен өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1 ақпаннан бастап, 16 мыңға жуық жолаушы өзге елдерден ұшып келсе, соның бәрі медициналық бақылауға алыныпты. Тексеріс барысында коронавирустың белгілеріне сәйкес келетін 5 адам анықталған. Бірақ зерттей келе, бұл белгілердің жай тұмау екені айқындалған.
«Тест-жолақты Ресей Федерациясынан ақысыз берді. Біз ақпанның 3-інен бастап короновирустық инфекцияны тексеріп жатырмыз. Ол бір екі сағатта ауру белгілері бар ма, жоқ па,анықтап береді. Диагноз содан кейін ғана қойылады», - деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Сондай-ақ миграциялық полиция көмегімен Алматыда Қытай елінен келіп жұмыс жасап жатқан адамдар да бақылауға алынған. Шетелден, оның ішінде Қытайдан келетін жұмысшылар қаладағы 72 мекемеде бар екендігі анықталыпты. 182-сі Қытай азаматтары. Қазір олардың денсаулығы дәрігерлердің қатаң бақылауында. Сонымен қатар қаладағы медицина мекемелерінде, мектептер мен балабақшаларда тазалық сақтау тәртібі күшейтілген.