Әуезов ауданында соңғы 5 жылда салынған тұрғын үй кешендеріндегі аулаларға көптің көңілі толмайды
Алматының Әуезов ауданында 161 аулада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдері шаруаны күздің соңына дейін аяқтамақ. Айта кетейін, қала әкімінің кездесуі кезінде аудан тұрғындары абаттандыру мен жарық бағаналарына қатысты мәселені көп көтерген болатын. Толығырақ Almaty.tv тілші баяндайды.
Әуезов ауданында соңғы 5 жылда салынған тұрғын үй кешендеріндегі аулаларға көптің көңілі толмайды. Әсіресе балалар алаңы мен скверлер сапасыз орнатылған, абаттандыру жұмыстары ақсап тұр дейді халық. Бұл мәселені қала басшысы аудан жұртымен кездескенде де айтқан.
Халық шағымын тыңдаған қала әкімі жауаптыларға бірден тапсырма жүктеген. Аудан басшылығы мекенжайларға арнайы барып тексеру жүргізді. Мұндағы ойын алаңқайларын жекеменшік мердігер компания салған. Енді олар өз қаражатына қайта жөндеу жүргізілері керек.
«Қала әкімінің кездесуінен кейін мердігер компания өкілдерін шақырдық. Балалар алаңындағы олқылықтарды бір айдың ішінде келіп, дер кезінде жөндеп кетті. Жұмыс толық аяқталды деп айтуға ерте. Енді жарық бағаналарын орнату ғана қалды. Бұл шаруа да үйді тұрғызған жеке меншік компанияның жауапкершілігінде», – деді «Спутник» тұрғын үй кешенінің басқарушысы Абай Ерімбетов.
«Біздер өтініш жаздық, тұрғындар болып. Әкімшілікке, ЖКХ-ға жаздық. Содан кейін қайтадан жасап берді бұл жерді, рақметімізді айтамыз. Қазір өте ыңғайлы, балаларымыз таңнан кешке дейін осы жерде ойнайды шыны керек», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Гүлдана Сафеева.
Сондай-ақ, қазір жергілікті бюджет қаражаты есебінен 161 аулаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыс 15 қыркүйекте басталған.
«Біздің жоспар бойынша 191 аула жөнделуі керек болатын. Қазір 161 аулаға жөнду жүргізіліп жатыр. Бізде қалған 7 және 12 ықшам аудандары. Қазір ауа райының құбылауына байланысты бұл жұмыстарды кейінгі жылға қалдырамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Әуезов аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерасыл Бақытжанұлы.
Ауланы абаттандыру мен балалар алаңын салу жұмыстарының басым бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы есебінен жүргізіледі. Тұрғындар игілігін көріп үлгерген қалалық бағдарлама алдағы жылы да жалғасады.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы