Қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев 122 жаста: Президент ғылым саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін алаштың ардақты азаматы, қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін алаштың ардақты азаматы, қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Пайдалы қазбалардың сан алуан құпиясын ашқан әйгілі геологтың туғанына биыл 122 жыл толып отыр. Мерейлі датаны назардан тыс қалдырмаған Мемлекет басшысы өзінің туиттер парақшасында ғылым қызметкерлерін де құттықтап, жазба қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ғылым саласының қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Осы айтулы датаның аса көрнекті ғалым Қ.Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің мәні зор. Перспективасы бар ғылыми зерттеулерді қолдау, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыру- сөзсіз шешімін табуға тиісті стратегиялық міндет» делінген хабарламада.

Тағдыр тауқыметіне қарамастан, үйреніп-білуге, соңынан мұра қалдыруға мол еңбек сіңірген Қаныш Имантайұлы кен орындарының геологиясын зерттеді, Жезқазғандағы мыс қорының бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы еңбегі үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы - Ленин ордені берілді.

«Қаныш Имантайұлы жас бола тұрып, елге ғылымды игеру керегін, дамыту керегін түсінді. Сол жолда талмай еңбек етті. Мен Сәтбаевтың керемет геолог ғана емес, жан-жақты тұлға болғанын, ғалым болғанын айта кеткім келеді», – деді Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейдің директоры Бақытжамал Айтмұханбетова.

Ғалымның мерейтойына орай, Алматыдағы Сәтбаев атындағы мемориалдық музейге бас сұқтық. Мұнда Қаныш Имантайұлының еңбектері, киген шапаны, қолданған бұйымдары және басқа да құнды жәдігерлері сақтаулы.

«Біз тұрған мемориалды музейдің мына кабинеті 3 бөлмеден тұрады. Бұл жерде Қаныш Имантайұлы ғылым академиясының президенті болған кезінде жұмыс істеп, еңбектерін жазған. Жалпы, осы күнмен қатарласа келген ғалымдар күнімен барша ғылым иелерін құттықтағым келеді», – деді Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейдің директоры Бақытжамал Айтмұханбетова.

Кез келген тақырыпта еркін әңгіме өрбіте алатын зиялы азамат домбыраның құлағында ойнап, ғажап билей де алған. Фольклоршы Александр Затаевич құрастырған «Қазақтың 1000 әніне» Қаныш Сәтбаев 20 әнді қосқызған.

Бұл – Қаныш Имантай Сәтбаевтың жұмыс үстелі. Ол қазаққа мұра болған, ұлттық ғылымның негізін қалаған құнды туындыларын осында отырып жазған. Мұнда ғалымның КСРО ғылым академиясында қорғаған баяндамалары, академия хабаршысы мен аса құнды еңбегі деп саналатын «Үлкен Жезқазған»  кітабы тұр.

Сәтбаевтың сара жолын, ғылымдағы ерен еңбегін тізбектеп тауыса алмасымыз анық. Ал оның аштық жылдарында ауылындағы оншақты баланы асырап алып, білім-ғылымға баулығанын қалай арнайы айтпаймыз? Әрі замандастарымен болған бір әңгімеде халқын өзінен де биік санаған Қаныш Имантайұлы: «Қазақ жерінің қазынасы жат жұртқа жем болғанша, өзінің болашақ қожасын күтіп, қозғаусыз жата бермей ме?!» деген екен. Ұрпағының жайын ойлап, болашағын қамтамасыз етіп кеткен тұлға замана тоғысында ұлтының ұлы перзенті болып қала бермек.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров