25 жыл краншы болған Райгүл Мырзашева: қан қысымы ғарышкердікіндей болуы керек

 25 жыл краншы болған Райгүл Мырзашева: қан қысымы ғарышкердікіндей болуы керек
Күнделікті кранның жағдайын бақылап, содан соң барып іске кірісу – оның жұмысының алғашқы сатысы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» арнасының ұжымы 8 наурыз мереке қарсаңында нәзік жанды қауымның ерге бергісіз қабілетіне, талайды тамсандырған қасиетіне тоқталуды жөн көрді. Райгүл Мырзашева жастайынан кран машинисі болып жұмыс істеп келеді. Ер азаматтардың өзі жүрексіне атқаратын бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 25 жылға жуықтапты. Ол біздің арна тілшісіне бұл салаға қалай келгенін және жұмысының қыр-сырын айтып берді.

Райгүл Мырзашева – Алматы көпір құрылымдары зауытының мұнаралы кран айдаушысы. Ол бұл мекемеде табан ауыстырмай қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Жасы 50-ге келсе де, ол өз жұмысының аса қиындық тудырмайтынын, тіпті үйреншікті дағдыға айналып кеткенін айтады.

«Күннің ыстығына біз қарамаймыз. Біздің отыратын кабинамыз темір ғой. Күннің ыстығынан шыжып кетеді анау. Күннің ыстығына да, суығына да төтеп беріп жұмыс істеп келе жатырмыз», – деді кран айдаушы Райгүл Мырзашева.

Күнделікті кранның жағдайын бақылап, содан соң барып іске кірісу – оның жұмысының алғашқы сатысы. Мұнан кейін мекемеге келген вагоннан аса ауыр салмақтағы кірпіш, металл, темір-бетон секілді заттарды техниканың көмегімен түсіріп, қажетті жерге жайғастырады. Алайда жұрт мұны нәзік жандылар емес, ерлердің істейтін жұмысы дейді.

Мен тұрған бұл кран шамамен үш қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Жан-жағыңыз 380 ватты токтан құралған нүктелер. Осы арқылы ауыр жүктерді бір жерден екінші орынға жылжытып апарып қою керек. Сәл қателессеңіз, ток ұрғаны өз алдына, салмағы ауыр заттар кез келген жерге құлап, оқыс оқиға болуы мүмкін. Тіпті, ойлаудың өзі қорқынышты.

Бұл тығырықтан шығаратын бір амал болса, ол осы істің кәсіби маманы бола білу дейді тәжірбиелі маман. Сол кезде ғана «темір көлікте» отырып атқарған ісіңіз оншақты адам істейтін тірлікті бір мезетте-ақ аяқтап тастайды. Кран машинисіне қойылатын басты талап – көздің жақсы көруі және құлақтың жақсы естуі, дейді Райгүл. Сонымен қатар қан қысымы қалыпты болмаса да, кран айдауға рұқсат етілмейді екен.

«Кран машинисі болудың талабына денсаулық керек, біріншіден. Қан қысымы дегенді білмейміз. Ғарышкердікіндей болуы керек. Бізде сол сағат күнде 7:30-дан келіп, мед. комиссиядан өтеміз, денсаулығымызды тексертеміз», – деді кран айдаушы Райгүл Мырзашева.

Айтуынша, қызмет жолында аса бір қауіпті оқиғалар болмаған. Алайда төменде жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің үстінен жүк алып өтуге болмайды, сондай-ақ зауыт ішінде арнайы жабдықтар бар, сол құрылғыларды соғып алмауы керек. Бұл асқан жауапкершілікті талап етеді. Кейіпкеріміздің пікірінше, мұндағы атқарылатын шаруа ердікі немесе әйелдікі деп бөлінбейді. Бірақ кім болса да, ерлік керек.  

Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» арнасы

Новости партнеров