Министр Мағзұм Мырзағалиевке Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин 2-3 айға ауылға барып келуге кеңес берді
Дәрігерлердің ерлігін ұмытып кеттік. «Ақ жол» фракциясының депутаттары өтемақы ала алмаған дәрігерлердің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Естеріңізге салайық, 21 қазанда Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 ауруымен ауырған медицина қызметкерлеріне төлем берілмейтінін хабарлаған еді. Вице-министр Марат Шоранов «Бұл сақтандыру жағдайы емес, бұл төтенше жағдай мен карантин кезеңінде болған тәуекел үшін бір реттік төлем болды" деген еді. Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау саласының басшылығы ғана емес, бірқатар министрлер де сын естіді. Ол туралы толықығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұл шешімінен тура екі апта бұрын Президент медицина қызметкерлеріне бонустарды «сандармен ойын» жасамай, бюрократиялық кедергілерді тоқтатып, тез арада төлеуге бұйрық берген. Ал осыдан бірнеше күн бұрын «Nur Otan» фракциясы депутаттарының кеңейтілген отырысында халық қалаулылары шенеуніктердің бюрократиясына байланысты медицина қызметкерлеріне төленетін төлемдердің бұзылуының көптеген фактілерін қатал сынға алған.
«Ең қиын кезеңде отбасын көрмей, ауруханада басын бәйгеге тіккен дәрігерлер қазір кабинеттерде табан тоздырып, бюрократияның зардабын шегуде. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Президенттің тапсырмалары мен қоғамның наразылығына деген «жауабы» осы. Керісінше коронавирусқа қарсы соғыстың алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге мемлекет қамқорлық жасайтынын және қиын-қыстау кезде оларды қолдайтынын көрсету маңызды болар еді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Сонымен қатар, отырыста Экологиялық Кодексті таныстырған министр Мағзұм Мырзағалиевке Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин 2-3 айға ауылға барып келуге кеңес берді. Заң жобасын оқыған кезде «бұл норманы жазған адам ауылда болды ма?» деген сұрақ туындайтынын атап өтті. Өйткені жобаның шикі тұстары да жоқ емес. Айталық, мал шаруашылығымен айналысатындарға қатысты норма күмәнді. Енді 1 тауығы барлар да декларация толтыруы мүмкін.
«Болмаған шығар. Шіркін, осы норманы жазған адамды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ғана ол адам тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза? Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Мағзұм Мырзағалиев ең озық технологиясы бар кәсіпорындарды эмиссиялық төлемдерден босатуды ұсынды. Заң жобасын талқылау барысында депутат Артур Платонов Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтан қоршаған ортаға келтірілген жағымсыз салдар үшін алынатын төлемнің әкімшілендіру қалай жүргізілетіні туралы сұрады.
«Уәкілетті органдар тағайындаған айыппұлдар негізінде мемлекеттік кірістер комитеті ол қаражаттың бюджетке түсуін қадағалайды», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.
Мұндай қысқа жауапқа қанағаттанбаған Нұрлан Нығматулин әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен заң жобасына олқы нормалар енгізілетінін айтты.
«Қандай да бір эмиссия бойынша жұмыстың атқарылуын кім талдайды? Сұрақ осында. Бүгін біз осы отырыста мұндай мәселемен бетпе-бет келдік. Әлбетте, әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен, осындай мәселе туындайды. Мысалы ауыл шаруашылығына келген әлгі маман банктерде жұмыс істепті. Соңында заң жобасында осындай олқылықтар енгізіледі», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бұдан бөлек, ортаға залалын тигізетін кәсіпорындарға жаза да қатаңдатылып жатыр. Өйткені қазіргі қолданыстағы заң бойынша құқық бұзған кәсіпорынға талап бір жыл ғана жарамды. Енді оның мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Ережені елемей, жыл ішінде бір емес, бірнеше рет заң бұзып, жазадан құтылып кететіндер көбейген. Әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есеге дейін ұлғаяды. Осындай жаңашылдықтар қамтылған кодекс жобасын мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Ал кейбір күмәнді тұстарын түзетуге жіберді.
Асылбек Тойбек