Алматы музейінде «АЛЖИР» лагерінде қиын-қыстау ғұмыр кешкен әйелдердің наннан түйіршіктеп жасаған тәспісі сақталған. Мұндай жәдігерлерді ел назарына ұсыну үшін Алматы музейі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрме ұйымдастырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шара 31 мамырда онлайн түрде өтеді. Көрмеде өткен ғасырдың алғашқы елу жылдығынан сыр шертетін құнды материалдар бар. Қызықты ақпараттармен танысамын деушілер музейдің сайты мен әлеуметтік желілерінен тамашалай алады.
Алматыда зұлмат жылдарды еске алуға арналған онлайн көрме 31 мамырда көрерменге жол тартпақ. Карантин келмей тұрып Алматы музейі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап ауқымды көре ұйымдастыруды жоспарлаған. Әйтсе де арыс азаматтарды ұлықтауға ешқандай кесел кедергі емес дейді шара ұйымдастырушылары.
«Індетке байланысты биыл онлайн түрде көрмені ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде М. Тынышпаев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Дулатов сынды көптеген Алаш арыстарының түрмеге қалай жабылғаны, олардың тағдыры, отбасы жайлы көптеген мағлұматтар осы көрмеде көрсетілетін болады», – деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының орынбасары Сержан САРОВ.
Көрмеде репрессия жылдарынан тың деректер беретін жүзге жуық материал қойылыпты. Жәдігерлер екі шағын залға орналастырылған. Музей қорында қоғам қайраткері Мансұр Ғаттаулиннің кілемшесі мен пеналы, Сұлтанбек Қожановтың жеке қойын дәптері, сол заманда қолданылған техникалар сақталып қалған.
Көрмеге қойылатын жәдігерлердің арасында ерекше қызығушылық тудыратын заттар бар. Мәселен, мына заттар, бұйымдар сол кездегі Алжир лагерінде тұтқында болған әйелдердің өз қолымен жасалған заттар болса керек. Мәселен, мынау тұз салатын ыдыс. Ал мынау наннан жасалған тәспі. Оның құрамында ұн, тұз, су бар.
«АЛЖИР» лагерінде отырған әйелдер өздерінің балаларына арнап тоқыған бұйымдары бар, соның ішінде Зина Ахметова да «АЛЖИР» лагерінде отырған. Сол кісінің қызы Азалияға арнап тоқыған қолғабы қойылған», – деді Алматы музейінің аға ғылыми қызметкері Бинара БҮРКІТБАЕВА.
Музей қызметкерлерінің сөзінше, көрмеге көбіне фотоматериалдар мен мұрағатта сақталып қалған құжаттар қойылған. Ұйымдастырушылар келер ұрпақ тарихи ақтаңдақтарды кеңінен таныса, білсе дейді. Көрме 31 мамыр күні сағат 11.00-де Алматы музейінің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарияланады.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы