31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихтың жан ауыртар ақиқаты болған сталиндік репрессияны терең зерттеу үшін былтыр Президенттің бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылған еді. Ал сол ақтаңдақ жылдардың куәсі – Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында 4125 азаматтың есімі қашалған қара мәрмәр бар. Биыл бұл қатарға тағы 10 құрбанның дерегі қосылмақ. Қарт тарихтың қанды беті жазылған орыннан Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас жалғастырады.
Ұлт тарихының ең азалы кезеңін, яғни 1916-1986 жылдардың аралығын қамтыған мына музей-репрессия құрбандары көмілген аумақта орналасқан. Мұнда жазықсыз жапа шеккен, негізсіз атылған азаматтардың жеке заттары, құжаттық мұрағаттары мен жендеттер атқан оқтың қалдығы сақталған. Ал, құдды, тірі жандардай жан тебірентетін мына экспонаттар сол ауыр азаптың алуан көрінісін беріп тұр.
Бұл қабырғадағы қара тақтада жазықсыз атылған 4125 адамның аты-жөні бар. Әр аймақта туған, ұлты, тілі бөлек азаматтар болса да, ұлт тарихында ұлы боп, ал кеңестік тарихта «халық жауы» атанғандардың бәрі Алматы облысында жазаға кесілген.
Ал қазақтың қаймағы саналған азаматтар туралы толық мәліметті мына мониторда тиісті нөмірді теру арқылы көруге болады. Мұнда Алматы облысында атуға ұшыраған саяси қуғын сүргін құрбанының немен айналысқанын, қандай айыппен, қай күні қаза болғаны жазылған.
Қара мәрмәрға қашалған тізім жыл сайын толығып отыр дейді музей қызметкерлері. Сұм саясаттың құрбаны болып, оқ құшқандардың ұрпақтары бабасы туралы бар мұраны зерттеп, мұражай архивіне тапсырып келеді екен. Жоғарыда аталған 4 мыңнан аса жазықсыз құрбанның қатарына биыл тағы 10 адам туралы ақпар қосылады. Олар жайлы бар дерек архив құжаттарымен тексеріліп, арнайы растаудан өткен.
«1990 жылдары осы жерлер пайдалануға бөліне бастаған кезде құрылыстар уақыттарында көптеген сүйек қалдықтары табыла бастаған. Соларды зерттей келе, 1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын Алматы қаласында ашу жазасына кесіліп, осында әкеліп көмген деген деректер бар. Соның негізінде 2002 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен ашылған болатын», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Жаңалық – жазықсыз жапа шеккендер жерленген орын. Мұнда 1937-1946 жылдардың аралығында абақтыда атылған 4,5 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбаны жатыр. Марқұмдардың мәйіті тұрғындардың құрылыс жұмыстары кезінде әлі де көптеп табылуда.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы