Әлеуметтанушылар ЖОО-да «Oтбасы құру негіздері» пәнін оқыту дұрыс деп санайды

16.05.2020 02:36

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бүкіл әлем атап өтетін мәні мен маңызы зор датаның тарихы сонау 1993 жылдан бастау алады. Алты әріптен тұратын айрықша құндылығы бар осы бір сөздің мағынасын қазақстандықтар қалай түсінеді? Ұйыған отбасы болуы үшін не істеу қажет? Психологтар мен әлеуметтанушылар қандай кеңес береді. Almaty.tv тілшісі тарқатады.  

Отандық әлеуметтанушылардың жүргізген сауалнамасына сәйкес қазақстандықтардың негізгі құндылығына отбасы, денсаулық және бала жатады екен. Дегенмен осы бір құндылықты соңғы кездері бағаламайтындардың саны артқан сияқты. Мәселен, тек карантин уақытында 300-ден астам отбасы ажырасуға онлайн өтініш берген екен.

Әлеуметтанушы Айгүл Тұрсынбайқызы еліміздегі ажырасудың басты себебі – жастардың отбасы құруға дайын еместігі деп отыр. Мұндай пайымға арнайы жүргізген сауалнамадан кейін келген. Айтуынша, өткір тұрған өзекті мәселені шешу үшін жоғарғы оқу орындарында «отбасы құру негіздері» деген пән енгізу қажет.  

«Себебі білім беру институты адамды тек қаға интеллектуалдық тұрғыда дайындамау керек. Оны өмір сүруге де дайындау керек. Сондықтан да «Oтбасы құру негіздері» деген пәннің аясында ана болу, әке болуды оқытып, сонымен қатар, отбасының қаржылық жоспарын жасауды да үйреткеніміз жөн деп санаймын», – деді   әлеуметтанушы Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ.

Ал, психолог Балабек Сақтағанов та қазіргі үйленіп жатқан жастардың отбасы, оның құндылығынан бейхабар екенін алға тартады. Сондықтан жаңа түскен келінге, жас-жұбайларға үлкендер жағы өмірлік тәжірибесін айтып, ақылымен бөлісуі қажет.

«Отбасының тату болуы, отбасының берік болуы әйел адамдарға байланысты. Бұл қазіргі карантиндік уақытта отбасылардың дұрыс, тұрақты, өз болашағын дамытуға әрекет ететін ол әйелдер. Ол үшін үйде отырған ер азаматтың көп мазасын алмау керек. Ер азаматты көршілермен, басқа бір таныстармен салыстырып, сен олай емессің деп миын ашытпау керек», – деді психолог Балабек САҚТАҒАНОВ.

Нұр-Сұлтандық Айгүл Уәлиева да бақытты отбасының құпиясы  әйелдің ақылдылығында дейді. Айтуынша, үйдің берекесін, сәні мен мәнін кіргізетін нәзік жандылар үнемі ізденісте болуы тиіс.

«Карантин кезінде менің шабытым оянды.  Екі жыл бұрын мына матаны сатып алдым. Карантин кезінде осындай қоржын жасауға қолым тиді.  Бұл – панда дейтін балаларға арналған қоржындар. Матадан осындайдың үшеуі шықты. Енді не істеймін деп, ойланып-ойланып мынадай қыздарға арналған сөмкелер тіктім. Карантин кезі өте пайдалы»,  – деді қала тұрғыны Айгүл УӘЛИЕВА.

Айгүлдің айтуынша, отағасы жұмыста. Құрылыс саласында еңбек етеді. Ал төрт баласының әжесі немерелерінің маңдайын иіскеп, ақылын аямауда.  

«Карантин  балалардың арқасында білінбеді. Бәріміз бір үйге жиналып, басымыз қосылып, бір-бірімізбен жақындасып. Балаларымыз бәрі аман. Оқу оқиды, өлең айтады, концерт қояды балалар. Сонымен уақытымыз тез өтіп кетті. Келінім өте жақсы менің. Қызым сияқты, қамқор болып жүреді», –  деді қала тұрғыны Қарлығаш УАИСОВА.

Үйдің кенже ұлы биыл мектепке барады. Сондықтан оған әріп үйретіп, сабаққа дайындау шаруасы бар. Ал үлкендері бос уақытында салауатты өмір салтын ұстанып, жаттығады. Қысқасы, Уәлиевтер әулетіндегі әр мүше өзінің сүйікті ісімен айналысады. Осылайша карантин кезінде олар тату-тәтті, ұйыған отбасының үлгісі болуда.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтаннан