Сертификаты жоқ мекемелер жеткізушілерге бұл препаратты қайтаруы тиіс
Есірткі тізіміне енгізілген Трамадол дәріхана сөрелерінен алынбайды. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігіндегілер мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
61 жастағы Андрей Носенко есірткімен әуестенуді 1984 жылы бастаған. Содан бері 6 жылын түзеу мекемесінде өткізіп, денсаулықтан айырылып, жалғыз қалыпты. «Әуелгіде шөп шектім, кейін бірте-бірте есті еліртетін көптеген апиынның түрін көрдім» дейді кейіпкер. Ал 10 жыл бұрын трамадолға көшкен.
«Мен түрмеге қайта түсуден қорықтым. Ал есірткісіз күнім бұлыңғыр еді. Сол кезде тағдырлас достар пайда болды. Солардың біреуінен трамадол жайында естідім. Ол дәріханада еш кедергісіз сатылады деді. Содан бері трамадолға тоқтадым, себебі ол үшін қылмыстық жауапкершілік болған жоқ, оны 1 сағаттың ішінде, кез келген мөлшерде оңай алуға болады», – деді қала тұрғыны Андрей Носенко.
Трамадол телмірткен тағы бір кейіпкердің жасы 28-де. Ол бұл препаратты 8 сыныптан бастап қабылдаған. Алғашында 1 дәріден бастаған, кейін күніне 75 дәрі ішпесе ауыратын болыпты. 2 жыл бұрын дерттен айыққан Рамиль трамадолдың күшін есейтетін препараттарды да тілге тиек етті.
«Жоғары сыныпта оқитындардың қабылдағанын көрдім. Ортадан қалмас үшін мен де көрмекке бел будым. Осылайша мектептен 100 метр жерде орналасқан дәріханаға барғанымда, мектеп киіміне қарамастан, бала екеніме мән берместен еш кедергісіз берген еді», – деді қала тұрғыны Рамиль.
Кейіпкеріміз бұл препараттарға да заңдық тұрғыдан тыйым салу қажет дейді. Себебі олардың аралас дозасынан адамда психоз туындауы мүмкін. Көзіне елес көрінуі мүмкін. Осындай жайт өткен аптада Атырауда болған еді. Спортшы, күрестен бірнеше жарыстардың жеңімпазы көпшіліктің көзінше өзін бірнеше жерден пышақтаған. Марқұм сол жерде көз жұмды.
«Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес, яғни өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық – процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Есдәулет.
Алматыдағы психикалық оңалту орталығының бірінде жалпы ем алып жатқандардың 20 пайызы трамадолға тәуелділер. Қызметкерлердің айтуынша, оның тұсауына көбіне жастар түседі. Толық емдік курсынан өтсе де, тайып кететіндер кездеседі екен. Аурудан айығып шығуға мүмкіндік бар. Ол үшін ынта керек.
«Науқастың ынтасы болатын болса емделуге, шыққан соң қоғамдық қорларға белсенді қатысатын болса, әрине ремиссияның ұзақтығын сақтауға мүмкіндік бар», – деді Психикалық сауықтыру орталығы психотерапия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Роза Сүлейменова.
«Көбіне қайта нашақор атануға иетермелейтін фактор – ол есірткінің қолжетімділігі» дейді мамандар. Жасыратыны жоқ, жосықсыз фармацевтер трамадолды рецепсіз сатады. Ал фармацевтикалық бақылау комитеті олармен сан жылдан бері күресіп келеді.
«Трамадолды өткен жылы заңсыз жүзеге асырған 138 әкімшілік іс тіркелді. Оларға шамамен 13 миллион теңге айыппұл салынды», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ляззат Қашқымбаева.
Алайда дәріханаларды жабу фактісі тіркелмеген. Комитеттегілердің айтуынша, ол үшін заң қайта бұзылуы тиіс. Сонда ғана мұндай шара қолдануға болады.
Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің берген ақпарына сай 10 мыңға жуық дәріхана бар. Олардың арасында мыңы ғана дәрілік есірткі затын сатуға лизенция алған. Сертификаты жоқ мекемелер жеткізушілерге бұл препаратты қайтаруы тиіс. Себебі бұдан былай психотроптық трамадол дәрісін сатуға құқы жоқ.
Қайрат Советбекұлы, Дамир Анитов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы