Пандемияға байланысты тамақ тасымалдау қызметі аса сұранысқа ие кәсіп түріне айналды
Пандемияға байланысты тамақ тасымалдау қызметі аса сұранысқа ие кәсіп түріне айналды. Қазір бұл сала 18 жастағы азаматтардан бастап, жұмыссыз қалған зейнеткерлерді де еңбекпен қамтып отыр. Дегенмен тұтынушыларды көп мәселе алаңдатады. Жуырда ғана Алматыда желаяқ жеткізушілердің қатысуымен екі бірдей жол оқиғасы тіркелді. Оның арты, тіпті, адам өліміне әкеп соқтырған. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін не істеу керек? Мәселені талдаған Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің сюжетіне назар салайық.
19 жастағы Нұрбек Әлібектің тамақ тасымалдап жүргеніне 6 ай болған. Айтуынша, жалақысы 300 мың теңгеге жетеді. Бірақ ол үшін тапсырысты барынша шапшаң орындау керек. Пайдасы мол болғандықтан, жеткізуші болуға ниет танытатындар аз емес. Ал жұмысқа орналасу үшін, қарапайым құжаттар мен екі дөңгелегі бар көлік болса жеткілікті.
«Қандай көлікпен тасымалдайтыныңды көрсетесің. Мысалы, велосипед болсын, мопед болсын, машина болсын. Машина болған кезде, әрине, олар жүргізушілік жеке куәлік дейді ғой, соны сұрайды. Ал, мопедтердің қуаты 50 куб сантиметрден аспаса, оған жол жүру куәлігі керек емес», – деді жеткізуші Нұрбек Сапаш,
Бүгінде мыңдаған алматылық осы кәсіппен нәпәқасын тауып жүр. Олардың заңды немесе ережені бұзатынын, я бұзбайтынын ешкім қадағаламайды. Жұмыс беруші тек, бірдеңе бүлдірсе платформадан шығарып тастауға құқылы.
«Әр куръер біздің жұмыскер емес, ол платформаны пайдаланушы. Сондықтан біз олардан талап ете алмаймыз. Егер куръер жол ережесін бұзса, онда ол блокқа түсіп қалады», – деді жеткізу қызметінің менеджері Шыңғыс Айдарханов.
Жеткізуші асықса ғана жақсы табыс таба алады. Ол оның арты кейде қайғылы жағдайларға соқтырады. 28 наурызда жол ережесін елемеген жеткізуші апатқа ұшырап, оның жолаушысы ауруханада бақилық болды. Ал одан бірер күн бұрын кезекті тапсырысты орындауға асыққан курьер бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай үш айлық сәбиі бар арбаны қағып өткен. Абырой болғанда, дүние есігін енді ашқан бала ажалдан аман қалды.
«Жеткізушілердің жұмысы өте ауыр. Көлікпен немесе мопедпен тасымалдау кезінде асығыстық жасауы мүмкін. Сөйтіп, өзінің немесе өзгелердің өміріне қауіп төндіреді. Дегенмен абай болған жөн. Бәрі тіршіліктің қамы ғой», – деді кәсіпкер, жеткізуші Дәурен Ілиясов.
Ал, сарапшы мамандар жеткізу көліктерінің нөмірі есепке алынса, мұндай келеңсіздіктің алдын алуға болады деген ойда.
«Қазір осындай мотоциклдер мен мопедтер іс жүзінде иесіз және оларға еш бақылау жоқ. Кез келген адам отырады, оны ешкім тексермейді. Менің ұсынысым – осындай көлік иелерінің жол ережесін білу деңгейін тексеретін механизм енгізу керек және қуаттылығы аз скутерлердің нөмірін тіркеуге алған абзал», – деді Тәуелсіз автомобильді одақ төрағасы Эдуард Эдоков.
Десе де шағын және орта бизнес құлдыраған уақытта, бұл қызметке деген сұраныс жоғары. Жұмыс берушілер әркімді сұрыптап отырмайды. Қарапайым талаптырда орындаса болды.
«Міндетті түрде оның өзінің санитарлық кітапшасы болуы қажет. Тапсырысты апарған кезде бір апатқа ұшырап қалса, оның денсаулығына және өміріне әр куръердің сақтандыруы бар бізде», – деді жеткізу қызметінің менеджері Шыңғыс Айдарханов.
Елді пандемия жайлағандықтан ПТР анықтаманың болғаны да шарт. Демек, көлік иелері мен жаяу жүргіншілерге өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қала көшелерінде мейлінше сақ болған абзал.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, Арсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы