Алматы онлайн санақтан өткендер саны бойынша өңірлер арасынан көш басында

09.09.2021 02:38

Әуезов ауданының тұрғындары елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан онлайн санаққа белсене қатысып жатыр

Алматы онлайн санақтан өткендер саны бойынша Республикада көш бастады. Елімізде осы уақытқа дейін 700 мыңға жуық адам электронды порталдар арқылы тіркелсе, бір тәулік ішінде 209 мыңнан астам тұрғын санақ сауалдарына жауап берген. Бұл ретте ел алдында жүрген азаматтар қазақстандықтарды маңызды шараға белсене қатысуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv

Әуезов ауданының тұрғындары елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан онлайн санаққа белсене қатысып жатыр. Мамандардың айтуынша электронды тіркелуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін ірі сауда орындары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында және оқу орындарында барлығы 36 арнайы пункт жұмыс істеп тұр.

«Бізде қазір белсенді. Мысалы Әуезов ауданында орналасқан көпсалалы колледжі және Энергетикалық колледжінің 95 пайызы халық санағынан өтті деп айтуға болады», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мирас Дәуренұлы.

Одан бөлек халық алдында жүрген азаматтар да ел тұрғындарын онлайн санаққа белсене қатысуға шақырды.

«Бүгінгі таңда әр үйді аралап, жеке кіру қауіпті деп айтуға болады. Яғни, ауру жұқтыру деген сияқты. Сондықтан халық өздері үйренген тәсілінде онлайн санақтан өтсе өздері үшін де, әлеумет үшін де жақсы деп ойлаймын», – деді спортшы Ардақ Назаров.

«Офлайн қатынас санақшылармен бірге өте қауіпті. Соған байланысты қала және Республика тұрғындарын онлайн санақпен тіркелуге шақырамыз», – деді Қалалық Мәслихат депутаты Есенгелді Талбидинов.

Статистикаға сүйенетін болсақ, елімізде осы уақытқа дейін 700 мыңға жуық азамат онлайн санақтан өткен. Оның 570 мыңнан астамы sanaq.gov.kz сайтына кірсе, 71 мың 387-сі eGov порталына тіркелген. Ал, 21 мың 212 тұрғын айту қосымшасы арқылы қатысыпты.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Теги: санақ