Тоқаев Оңтүстік Корея президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

04.06.2019 02:38

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарын сабырға шақырып, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Инге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан сізге және Дунай өзеніндегі кеме апаты салдарынан жақындарынан айрылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл достас Корея Республикасы халқына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарын сабырға шақырып, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, сәрсенбі күні Будапешт орталығында Дунай өзенінде Sigyn круиздік кемесімен соқтығысқан серуен қайығы батып кетті. Қайықта Оңтүстік Кореяның 33 турисі мен екі экипаж мүшесі болған еді. Жеті адам қаза тапты, 20 адам із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында.