Қазақстанда бүгін жылдағы дәстүрге сай Отбасы күні мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын.
«Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді», – деген еді Елбасы Отбасы күніне арналған алғашқы құттықтауында.
Бұл күні еліміздің әр аймағында отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетіледі.