Алматыда кәсіпкерлікті жаңғыртудың алғашқы күнінен бастап 2 жарым мыңнан астам өндірістік және қызмет көрсету нысандары аудиттен өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның 1300-інен олқылық табылса, қалғаны қызметіне қайта кірісті. Бүгінде қала бойынша 19 арнайы топ құрылып, мекемелердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қаншалықты сақтап жатқандығын тексеріп жатыр.
Қалалық кәсіпкерлік басқармасы, аудандық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің мамандары 4 сәуірде ашылған бірнеше мекемеге рейд жүргізді. Мәселен, мына 350 шаршы метрді құрайтын косметика дүкені барлық талаптарды сақтаған. Кіре берісінде барлық келушілерді арнайы белгіленген адам дене қызуын тексереді және бетпердесіз кіргізбейді.
Дүкенде барлық қорғаныс құралдары болғанымен, келушілердің кезек күтетін жағдай туындағанда, арнайы белгінің жоқтығы анықталды. Мамандар дүкенге ескерту жасап олқылықты түзетуді тапсырды.
Иә, кез келген жұмыс орнында антисептик пен бетперделерден бөлек келушілер арасындағы арақашықтықты білдіретін белгі болуы қажет. Ал, келесі телефон керек-жарағын сататын дүкенде, тіпті, адамның дене қызуын қашықтан тексеретін құрылғы болмай шықты. Айтатын бір ғана себебі құрылғы істен шығыпты-мыс. Алайда бұған дейін жүргізілген аудит барысында термометр бар болған екен.
«Тексеріс келген уақытта біздің термометр істен шығып тұрған болатын. Бұл санитарлық нормаға сай келмейтінін түсініп тұрмыз. Тез арада бұл мәселені шешетін боламыз», – деді дүкен басшысы Александр ГУДИЛОВ.
Мына телефон аксесуарын сататын дүкен 4 күні ашылған болатын. Санитарлық талаптарға сай болмағандықтан, есігіне жабық деген қағаз ілініп, содан кейін қара құлып салынып, аудит қайта өткізілгеннен кейін ғана ашылатын болады.
Жұмыс тобы одан өзге бірнеше мекемені аралап тексеріп көрді. Бірі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, келушілерді қабылдап жатқан жоқпыз деген сылтау айтса, енді біріне ескерту жасалды.
«Қазіргі таңда Алмалы ауданы бойынша күніне 10-15 кәсіпорынды қадағалап, аудит жүргіземіз. Санитарлық нормаға сәйкес келген жағдайда санитарлық аудит беріледі. Жұмыс топтарында 5-6 адам болады. Барлық мекемелерді аралап санитарлық нормаға сәйкестігін тексереміз», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Бекжан ОҢЖАНОВ.
Мұндай рейд жұмыстары қаладағы кәсіпорындарды іске қосудың алғашқы кезеңінен бастап жүргізіліп жатыр. Яғни, жұмысын жалғастыруға рұқсат алған мекемелер іске кіріскеннен кейін қайта тексеріледі.
Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы