Дүниежүзілік әскер ойындарында Қазақстанның намысын 103 спортшы қорғайды

17.10.2019 03:39

Оған әлемнің 130 елінен 8000-нан астам спортшы қатысады

Олимпиададан кейінгі маңызы жоғары байрақты бәсеке биыл Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осымен жетінші мәрте өткізілгелі отырған жарысқа қатысатын ел құрамасын бүгін Алматы салтанатты түрде шығарып салды. Әлемнің 130 елінен 8000-нан астам спортшы бақ сынасатын аламанға қазақ әскерлеріде де сақадай саймыз дейді.  

«Дайындық жақсы өтті. Бұл енді 4 жылда бір келетін жарыс болғандықтан бәрі жақсы дайындықпен келеді. Біз де дайынбыз», - деді 2015 жылғы дүниежүзілік әскер ойындарының жүлдегері, ЦСК спортшысы Әділет ДАУЛЫМБАЕВ.

Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы ертең жолға атттанады. Олар 10 күн бойы бокс, күрес, жүзу сынды спорттың 11 түрінен бақтарын сынамақ. Қазақстан бұл байрақты бәсекеге 1994 жылдан бері қатысып келеді. Ең үздік көрсеткіш 2015 жылы Корей елінде өткен ойындарда 12 орынға табан тіреген.  

«Біз соңғы 6 Дүниежүзілік әскер ойындарынан да жақсы көрсеткіш көрсетуге бара жатырмыз. Ол кезде 117 елдің ішінде 12 орынмен аяқтаған болатынбыз. Осы жолғы құрамамыз да осал емес», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің армия орталық спорт клубының бастығы Айталап ҚҰРҒАМБАЕВ.