Әке жолын қуып, аманатын арқалаған курсанттар

08.05.2020 02:42

Арамызда елі үшін ерлік жасап, қан майданда қасық қаны тамғанша күрескендердің ізін жалғап жүргендер қаншама?

«Әке көрген оқ жонар». Арамызда елі үшін ерлік жасап, қан майданда қасық қаны тамғанша күрескендердің ізін жалғап жүргендер қаншама? Әке жолын қуып, аманатын арқалағандар да жетерлік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Тақтайдай тегіс жерді тебініп жүрген формадағы бұл жігіттер ел алдындағы борышын адал атқарған нағыз батырлардың ұрпақтары. Осында білім алып жатқан талдықорғандық Нұрсұлтан Кенжетаевтың әкесі де, анасы да әскери саланың адамдары. Әкесі Нұрлан Кенжетаев Аягөз әскери гарнизонындағы 10/810 әскери бөлімнің танк ротасының командирі болған. 2002 жылы жанып жатқан танк ішіндегі солдатты құтқарамын деп ерлікпен көз жұмады. Ол кезде Нұрсұлтан анасының құрсағында болыпты. Атасы да Ұлы Отан соғысына қатысып, елі үшін жауға шапқан.  

«Атам Кенжетаев Хамит 1926 жылы дүниеге келген. 4 жасында анасынан айырылыған ол еңбекке ерте араласыпты. Кейін 1941 жыл Ұлы Отан соғысына аттанып минометші болған. Ата-анамның айтуынша, атам Прусия, Польша жерлерінде жауға қарсы шайқасты. Мен өзімнің аталарым мен әкемді мақтан тұтамын», – деді курсант Нұрсұлтан КЕНЖЕТАЕВ

Нұрсұлтан бүгінде жоғарыда айтылған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 1 курста оқиды. Мамандығы – Радиобайланыс және радионавигация. Яғни, байланысшы. Әскери қызметші-байланысшыларға күрделі және жауапкершілігі жоғары міндет жүктелені белгілі.

Байланыс аяқталды. Иә, әскерде барлық мамандық маңызды десек, соның ішінде байланысшылардың алатын орны ерекше. Себебі оларсыз ешқандай әскер басқарылмайды. Ал, бүгінгі таңда елімізде байланысшы курсанттарды дайындайтын мынадай ескі радио-станциолармен қатар, отандық заманауи радио құрылғылар да пайдаланылады. Екеуінің айырмашылығы неде дейтін болсаңыздар, мұндағы барлық баптауларды курсанттар өз қолымен ретке келтіретін болса, мұнда барлығы автоматтандырылған. Одан өзге елімізде байланысшы мамандарды дайындау үшін мынадай шет елдік құрылғылар да пайдаланылады.          

Батырлардың жолын жалғастырушыларға оралсақ. Ерасыл Қазенов те осы білім ордасында оқиды. Көп балалы отбасында дүниеге келген оның арғы атасы екінші Дүниежүзілік соғысының майдангері. Ерасылдың әкесі де әскери қызметтен алыс емес.

«Улянск қаласындағы жоғарғы инжинерлік институтты 2000 жылы бітірген болатын. Кейін осы Алматы қаласына келіп, 96/692 әскери бөлімінде осы күнге дейін жұмыс істейді. Оның әскери шені подполковник», – деді курсант Ерасыл ҚАЗЕНОВ.

Иә, осынау Төтенше жағдай кезінде елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзеткен әрбір әскери қызметшінің жұмысын ерлік деп бағалауға болатын шығар. Биылғы 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесін әдеттегідей емес, блок-бекетте өткізіп жатқан десантшыларға сый жасауды жөн көрдік.

Мереке соңы ән мен жырға ұласты. Біздің мақсат – карантин кезінде жанұясынан қашықта жүрген әскерилермен бірге екендігімізді білдіру.

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы