Алматыда көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету қарқынды дамуда

26.06.2021 02:43

Осы уақытқа дейін 124 мыңға жуық тұрғынды қамтыған жобаларға жергілікті бюджеттен 24,8 миллиард теңге бөлінген

Алматыда көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету қарқынды дамып келеді. Шаһардың әр ауданында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарияларға арналған түрлі орталықтар ашылуда. Осы уақытқа дейін 124 мыңға жуық тұрғынды қамтыған жобаларға жергілікті бюджеттен  24,8 миллиард теңге бөлінген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтсын.

Көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2019 жылы қаланың әр ауданында «Бақытты отбасы» орталықтары ашылып, 24 мыңнан аса адам қызмет алған. Ал, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «ISKER ANA» жобасы жүзеге асырылды. Соның негізінде 776 қыз-келіншек тегін гранттарға ие болып, жеке бизнестерін ашқан.  

«Мен бұл жаққа келмей тұрып негізінде жұмыс істедім. Бірақ денсаулығыма байланысты оны тастап кетуге тура келді. Кейіннен  «Бақытты отбасына» барып, білдім түрлі жобалар бар екенін. Кейіннен 2 миллиондық грант ұтып алдым. Соның барлығына тігін машиналарын алып, ісімді жалғастырып жатырмын», – деді көпбалалы іскер ана Жанат Жұмабекова.

Әлеуметтік қолдаудан қариялар да тыс қалған жоқ. Қалада зейнеткерлерге арналған 9 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді.  Онда 23 мыңнан аса қызмет алушы тіркелген. Жоба қарттардың денсаулығын оңалтып қана қоймай, жаңа тілдер мен технологияны игеріп, дамуына да септеседі.

«2020 жылдың қараша айынан бастап қатысып жүрмін. Оған дейін естігенмін. Маған өте ұнайды. Осы жерде ағылшын тілін, психологиялық, дәрігердің көмегі, скандинавиялық жүруге барып, үйреніп жатырмыз. Би болады мұнда. Жақсы араласамыз. Өте ұнайды бізге», – деді Медеу ауданының тұрғыны Камила Кетебаева.

Сондай-ақ, 2020 жылы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін «Шыңға өрлеу» жобасының 10 орталығы ашылды. Бүгінге дейін онда 1 мың 200 ден аса жеткіншек білім алды. Одан өзге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы да жұмыс істейді. Бұл бастама ерекше жандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген еді. Ал, биылғы 4 маусымда әлеуметтік қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Әлеуметтік қызметтер үйі» алғашқы келушілерін қабылдады.

Шаһар тұрғындарының сұрауымен ашылған бұл мекеме «Бір терезе» қағидаты бойынша қысқа мерзімде бірнеше әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Мәселен, келушілер мұнда қалалық әлеуметтік әл-ауқат, тұрғын үй басқармаларына, халыққа қызмет көрсету орталығына қатысты, сондай-ақ, зейнетақы, жұмыспен қамту бойынша бірқатар мәселелерін шеше алады. Мамандардың айтуынша, мұнда 3 аптаның ішінде екі қолға бір күрек таппай жүрген 3500-ға жуық азамат өтінім беріп үлгерген.

19 жастағы студент Сержан Саурық қосымша ақша табу үшін «Әлеуметтік қызметтер үйіне» жүгініпті. Алайда көп ұзамай жұмысқа тұрған. Айтуынша, мекеме  келушілердің уақытын үнемдеп, бірнеше қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді.  

«Жастар практикасы бойынша келгенмін IT-мамандығына. Өйткені осы орталықта әр адамға өзінің үйіне жақын жұмыс тауып береді және де өзі қалаған жұмысты тауып береді. Мен қазір осы жерде кеңседе жұмыс істеймін. Алдағы уақытта мен өзімді IT-бөлімінде көремін», – деді қала тұрғыны Сержан Саурық.

Осылай шаһарда әлеуметтік қолдаудың барлық шараларымен 124 мыңға жуық алматылық қамтылып отыр. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен 24,8 млрд теңге бөлінген. Ал, алдағы уақытта әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бұрынғы ғимараты көпбейінді оңалту орталығы ретінде қайта жасақталмақ. Сонымен қатар, мүгедек адамдарға арналған спорт кешенін салу да жоспарланып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы