Жамбыл облысында табиғаттың тосын мінезі бірқатар аудан мен ауыл тұрғындарын әбігерге салды. Толассыз жауған жаңбыр мен күннің күрт жылынуына байланысты өзендер арнасынан тасып, су ауыл ішіне жайылған. Осыған байланысты бірнеше ауданда шұғыл әрекет етуге бағытталған жедел штаб құрылып, әскерилер де жұмылдырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл облысында апта ішінде бір емес, қатарынан 5 ауданда табиғи апат орын алды. Абырой болғанда, өңірлердегі табиғат тылсымынан адам және мал шығыны жоқ. Тек тұрғын үй, қора-қопсы сынды нысандар зардап шеккен. Ал Тұрар Рысқұлов ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстарына төтеншеліктер мен әскери қызметкерлер көмектесіп жатыр.
«Біздің азаматтық міндетіміз – ҚР азаматтарына көмектесу. Сондықтан біз ешқандай ойланбастан керекті техника мен жеке құрамды бөлдік. 3 күннен бері жергілікті тұрғындарға көмектесіп жатымыз», – деді Жауынгерлік даярлық жөніндегі барлау бөлімшесі командирінің орынбасары Абзал Жәнібеков.
Су тасқынына қарсы шаруаға Луговой гарнизонындағы барлау бөлімшесі мен мотоатқыштар батальонынан 300-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылған. Қазір олар ауылдарға беттеген су бағытын бұрып жатыр. Үйлерді су тасқынынан қорғау үшін 50 адамнан құралған бірнеше топ құм салынған қаптардан бөгет жасады.
«Әскери қызметшілерге рахмет! Өйткені, Құлан ауылында су, сел қауіпі төнген кезде біз хабарластық. Олар келіп, бізге көмектесті», – деді Құлан ауылдық округінің өкілі Нұрболат Қойшыбаев.
Әзірге Тұрар Рысқұлов аудандағы елді мекендерді су басу қаупі сейілген жоқ. Жағдай жергілікті биліктің қатаң бақылауында. Ал облысқа қарасты өзге де Шу, Сарысу, Қордай, Меркі ауданында ахуал тұрақты.
Жомарт Есқара, Дина Мухаринова, В. Мартыненко, «Алматы телеарнасы», Жамбыл облысынан