Бұл саланы бақылайтын жүйе жоқ
Алматыда соңғы бес айда 173 сауда нүктелерінен 400-ден астам ойын автоматтары көлеңкелі айналымнан шығарылған. Жауаптылар құмар ойын құрылғыларымен күресті күшейткен көрінеді. Сарапшылар мұндай автоматтарды қала сыртына шығару керек десе, енді бірі заң аясында жұмыс істесе мемлекетке пайдасы тиетін еді дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экономикалық тергеу қызметінің мәліметінше, автоматтар көбіне базарлар мен сауда орталықтарында жұмыс істейді. Соңғы кездері дүкендерде құрылғылардың азайғанын байқаймыз. Құмар ойын бизнесімен күресте сарапшылардың ойы сан түрлі.
Мәселен, заңгер Думан Базарбеков тек ойын автоматтары емес, букмекерлік кеңселерді де қала сыртына шығарып, жұмыстарын сол жерде жалғастырса дейді. Маманның сөзінше, олар қазір лоторей бизнесінің атын жамылып, қызмет көрсетуде. Шынтуайтында ол жерде адам бәс тігеді. Сондықтан осы салаға қатысты заңды қатаңдату керектігін айтады.
«Бұл саланы бақылайтын жүйе жоқ. Құмар ойын мекемесіне қанша жастан кіруге болатыны жайлы жұмыс уақыты ретке келтірілмеген. Олар тәулік бойы жұмыс істей береді. Сыртынан қарасаңыз, қарапайым ғана автомат. Бірақ келтіріп жатқан зияны орасан зор. Сондықтан менің ойымша, мұндай мекемелерді қала сыртына шығарған дұрыс. Заңға бағынбағандарын қатаң жазалау қажет», – дейді заңгер Думан БАЗАРБЕКОВ.
Заңгер құмар ойын бизнесін заңмен бақылауға алу керек дейді. Қазір оларды ешкім қадағаламайды. Сондықтан қаланың қақ ортасындағы ойынханалар еркін жұмыс істеп келеді. Думан Базарбековтың сөзінше, бұл тұрғыда шетелдік тәжірибені алған абзал.
«Көптеген мемлекеттер құмар ойыны бизнесін бақылауды қолға алған. Мәселен барлығымызға белгілі Техас қаласы – тек құмар ойын мекемелерінен құрылған қала. Оны арнайы тұрғызған. Мұндай қала Араб әмірліктерінде де бар. Яғни, мемлекет бұл саланы бақылауға алып, заң аясында жұмыс істеуін қадағалайды. Менің ойымша, қазіргі құмар ойындарына қатысты заңға өзгерістер енгізу керек», – дейді Думан БАЗАРБЕКОВ.
Ал тәуелсіз сарапшы Нұркен Халықберген әлеуметтік сауал жүргізген, оған қатысушылардың 99 пайызы құмар ойынның зиян екенін айтқан, көбінің жақындары оған тәуелді болып қалған. Тіпті, көліктері мен үйлерін бәске тігіп, ұтылғандары да болыпты. Сарапшы құмар ойынға балалардың да құмары артып тұрады дейді.
«Мұндай ойын автоматтары қаланың көптеген дүкендерінде бар. Олардың көзін жою керек. Кәмелет жасына толмаған балалар да ойнап жатады. Бұл жеткіншектің психологиясына кері әсерін тигізеді. Жақында 450 адамнан осы құрылғылар туралы сұраған болатынбыз. Көбісі зардап шеккендерін айтады. Өздері ойнамаса да, жақындарының арасында біреуі соның құрбаны болып отыр. Яғни, қоғамға кері әсерін тигізіп жатқаны анық», – деді тәуеліз сарапшы Нұркен ХАЛЫҚБЕРГЕН.
Тәуелсіз сарапшы ойын автоматтарының дені лоторея терминалы ретінде тіркеліп алатынын айтады. Тіпті табыстарын азайтып көрсететіндер де болады екен.
«Құмар ойын автоматтары заңсыз жұмыс істейді. Мұндай кәсіпкерлер өте көп. Олар лоторея терминалы ретінде тіркеледі де, табыстарын жасырады. Түбіртек те бермейді. Сәйкесінше, салықты аз төлейді. Мәселен 20 мың ойын автоматының біреуі айына 100 АҚШ доллар табыс әкелсе, жылдық табысы шамамен 9 миллиард теңгеден асады. Қазір билік осындай кәсіпкерлермен күресті күшейтті», – дейді Нұркен ХАЛЫҚБЕРГЕН.
Ал қалалық экономикалық тергеу департаментінің өкілі ойын автоматтарын анықтағанымен, оны бірден алып кету мүмкін емес дейді. Өйткені департаментте құрылғыларды таситын транспорт пен жүк тиейтін жұмыскер қарастырылмапты. Сондықтан тек оны сөндіріп, мөр басып кетеді екен.
«Ойын автоматтары көбіне базарларға, дүкендерге және сауда үйлеріне орнатылады. Біз құрылғыларды анықтағаннан кейін оны өшіріп, қалдырып кетеміз. Оларды алып кету үшін бізде көліктер мен жұмысшылар қарастырылмаған», – дейді Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Гүлмира МАХТАЕВА.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, Алматыда жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, биыл 173 сауда ортылығынан 408 автомат көлеңкелі айналымнан шығарылды. Сонымен қатар, 4 ойын залы мен 1 заңсыз казино анықталған.