|
Qoǵam
27.03.2020 | 21:44

«Алматы» телеарнасы бір отбасының баспаналы болуына себепкер болды

«Шешімі бар» бағдарламасына 9 жасар қаршадай қыз ата-анасы мен бауырлары үшін көмек сұрап хабарласқан еді

«Алматы» телеарнасы бір отбасының баспаналы болуына себепкер болды almaty.tv

«Алматы» телеарнасы бір отбасының баспаналы болуына себепкер болды, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

«Шешімі бар» бағдарламасына 9 жасар қаршадай қыз ата-анасы мен бауырлары үшін көмек сұрап хабарласқан еді. Өз отбасына қамқоршы болған Жәнияның өтінішін арна қызметкерлері жерге тастамай,  журналистік зерттеу жүргізді. Нәтижесінде отбасы 4 бөлмелі баспанаға ие болды.

Көптің назарын өзіне еріксіз аудартқан Жәния есімді қыз. Арна редакциясына өзі хабарласып, жағдайының қиын екенін айтып, көпшіліктен көмек сұраған. Ата-анасы мен бауыры үшін жаны шырылдаған қыздың өзі бастап әрекет жасауының себебі бар.

Ата-анасы Жәнияны өздерімен бірге алып жүреді. Қаршадай қыз оларды қоғаммен осылай байланыстырып, біраз шаруаны өзі атқаратын көрінеді. Бағдарлама барысында білегі қатпаған кішкентай қыздың ауыр тағдырына назары ауып, көзіне жас алмаған көрермен болмаған шығар.

Араға көп уақыт салмай періште тілегі орындалды. «Шешемі бар» хабары демеуші тауып, эфир кезінде 4 бөлмелі баспана сертификаты Жәнияның өзіне салтанатты түрде табысталды.

«Алматы» арнасы, «Шешімі бар» бағдарламасының себепкер болуымен Мыңбаевтар отбасының шаңырағына  барған. Алматы қаласынан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан Қарғалы ауылындағы 4 бөлмелі баспана. Олардың қазір қуанышында шек жоқ, бірнеше жылдық қиындықты артқа тастап, баспаналы болғанына дән риза.

«Бұған дейін бөлмемнің болғанын қалайтын едім. Арманым орындалды. Мына жерде інім жатады. Мен мұнда ұйықтаймын. Мұнда сабақ оқимын. Алматы арнасына, «Шешімі бар» бағдарламасына қиын күндерімізді ұмыттырып, баспана сыйлағаны үшін зор алғысымыды білдіремін», – деді Жәния СУАНБАЙ.

Жығылғанға жұдырық. Жәнияның өзінен кейінгі інісі Мансұр да тумысынан мүгедек. Ол бүгінде қалалық есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатта білім алады. Берік пен Жанна 2012 жылы шаңырақ көтеріп, содан бері пәтер жалдап келген.

«Көз жасы тиылды. Ас салысқан адамдарға мың да бір рақмет. «Шешімі бар»  бағдарламасына көп рақмет. Бір үйде 3 бірдей мүгедек, мына Жәния деген қыз бар. Осы қыз сырттан адам келсе, байланыстырып отырады. Өзім де қуандым», – деді жанашыр жан Гүлсім СЫМЖАНОВА.

«Шешімі бар» әлеуметтік бағдарламасы Жәниядан бөлек, біраз жанның мәселесін шешіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Жақынын іздеген жанды табыстырып, бірнеше науқас адамның дертінен айығуына себепкер болып жүр. Бағдарламаны жұмыс күндері арнамыздан кешкі сағат 18.00-де көре аласыздар.

‡агрузка...