Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін әскерге қабылдау науқаны аймақтарда қызу жүргізіле бастады
Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін әскерге қабылдау науқаны аймақтарда қызу жүргізіле бастады. Биыл көктемгі әскерге шақыру кезеңінде 17 мыңнан астам бозбала комиссия тексерісінен өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Науқан бойы жұмыс істейтін дәрігерлердің қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Олар әскерге шақырылушыларды қалай қабылдап жатыр? Карантинде жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге өзге облыстарға жіберіле ме?
Карантинге қарамастан әскерге қабылдау науқаны басталып кетті. Себебі әскердің қуаттылығы – тұғырымыздың тұрақтылығы. Қорғаныс министрлігі ата-аналарға алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Аудандық, қалалық Қорғаныс істер жөніндегі бөлімдерде барынша сақтық шаралары қабылданған деп сендіреді. Медициналық тексерістен өтуге келген балалар арасында арқашықтық сақталып, дәрігерлер алдына бармас бұрын дене қызулары тексеріледі.
«Сондықтан барлық санитариялық нормалар қатаң сақталып, әскерге шақыру қолданыстағы Заңға сәйкес жүргізіледі. Елеулі өзгеріс болмайды. Әскерге шақырушыларды жиын пунктерінен әскери бөлімдер орналасқан жерлерге дейін жеткізу бекітілген тасымалдау жоспарына сәйкес іске асыруда», – деді ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен ЖҮСІПОВ.
Науқан кезінде дәрігерлер үшін де қауіп басым. Сондықтан санитарлық талапты сақтау үшін барлық жағдай жасалғандарын айтады. Күніне 50-ге дейін әскерге шақырылушыны қабылдайды екен. Дәрігерлер құрамына биыл инфекционист дәрігер енгізілген.
«Санитарлық талаптың бәрін орындап жатырмыз. Маска, қолғап, қорғаныс костюмін киіп, талапқа сай орындап жатырмыз. Көбінесе көз ауруы болса, кейбір балаларда жарық болады. Ота жасауға жіберіліп, алты айдан кейін келіп жатқан балалар бар», – деді терапевт дәрігер Жанат МҰҚЫШЕВА.
Айта кетейік, әскерге шақырылғандарды барынша басқа өңірлерге жіберілмеуі де мүмкін. Олар Әскери борышын көршілес облыстарда өтейтін болады.
Төтенше жағдайы режиміне байланысты әскерге шақыру науқаны 2 айға шегірілгені белгілі. Сол себепті денсаулығы жарамды жастар келесі аптадан бастап әскер қатарына алына бастайды. Айта кетейін, елордада биыл 800-ден астам бозбала әскери медициналық тексерістен өтеді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы