Президент: Алматы – еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар

18.02.2022 02:44

Қасым-жомарт Тоқаев қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты жеке назарында екенін атап өтті

фото Максима Золотухина

«Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің «Ерболат Досаевты Алматы қаласының әкімі етіп тағайындаған шешіміңізге наразы тұрғындар митингіге шықты. Бұл шешімді қайта қарау ойыңызда бар ма?» деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ондай ойым жоқ. Алматы – еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар. Қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты менің жеке назарымда. Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шекті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды. Соның бәрін қалпына келтіру керек. Бұл – оңай шаруа емес. Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.