Қазақстан әлемде әскер саны бойынша нешінші орында тұр

23.06.2023 02:45

Қорғаныс министрлігінің статистикасы мәлім болды

Әскерден жалтаратын жастардың саны артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – бүгінгі қоғам талқысында қайнап, көзқарастар қайшылығын тудырған өзекті мәселенің бірі.

Мәселен биыл көктемде 18 мың азамат әскер қатарына шақырылған. Алайда бұл сан сапқа тұруға міндеттелгендердің 40 пайызы ғана. Қорғаныс министрлігінің статистикасы осылай дейді.

Еліміздің Қарулы күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Қазақстан әскер саны бойынша әлемнің 133 елінің ішінде 57-орында тұр. Оны халық санының аздығымен байланыстыруға болады, алайда әскери борышын өтеуден қашатындарды да жоққа шығара алмаймыз.

«Ең негізгі фактор – жастарымыз әскери қысымнан, әскери қатаң тәртіптен қашып жатыр. Ол бір фактор болса, екінші фактор  қасында жүрген достары оқу оқып, білім алып жүргенде, мен неге әскерде жүруім керек деген ой болуы мүмкін», – дейді әлеуметтанушы Әдемі Сембинова.

«Әуе дайындығы кешенінде парашютпен секіру дайындығын өткізіп жатырмыз. Сержанттар мен офицерлер бізге парашютті қалай кию және парашютпен секіру кезінде қалай қимылдау керек екенін үйретіп жатыр», – дейді сарбаз Қожамұрат Өтетілеуов.

Десант болу да оңай емес. Оған тек бойы 175 см-ден кем болмайтын, аяқ-қолы балғадай, мығым жігіттер таңдалады. Өйткені жүктелетін міндеттің жүгі ауыр. Нақтылай айтсақ, сарбаздар әуе шарымен танысу, оны жинау, құрау секілді бірнеше кезеңнен тұратын дайындыққа шыдауы тиіс.

«Қазіргі таңда жас сарбаздармен алғашқы дайындық болып жатыр. Бұл алғашқы әуе дайындығы екі аптадан тұрады. Екі аптаның ішінде сарбаздарға осы парашюттерді қалай жинау керек екенін үйретеміз. Ал парашютті жинау 6 кезеңнен тұрады. Әрбір кезеңді офицерлер тексеріп, келесі кезеңге жібереміз», – деді 61993 Әскери бөлімінің десантты қамтамасыз ету рота командирі Асылбек Әдетов.

Сарбаздар бос уақытында теледидар көріп, спортпен шұғылданады, кітап оқиды. Ал өнерлі жігіттердің бастары қосылса, ән айтады.

Егемен ел болып, шекарамыз шегеленген соң ұлан-байтақ жерімізді күзетіп, тыныштығын қамтамасыз ету - қашан да абыройлы міндет. Ал ең өкініштісі - бұл міндетті алып жүруден қашатындардың азаймауы.

Гүлмарал Изатқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Теги: Әскерлер