Екі күн ішінде қалада 5 см, ал таулы аймақтарда 3 см ақ ұлпа жауған
Алматыда коммуналдық қызмет мамандары өткен түнде 160 мың текше метр қар шығарды. Екі күн ішінде қалада 5 см, ал таулы аймақтарда 3 см ақ ұлпа жауған. Тазалау үшін арнайы кезекшілік ұйымдастырылған. Оған 527 бірлік техника, соның ішінде 193-і құм шашқыш көлік және 318 жол тазалайтын жұмысшы шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын және көлік тұрақтарын тазалау бойынша жұмыстар әлі жалғасуда. Қар жауғаннан бастап жолдарға, жол айрықтарының маңына тұз-құм қоспасы себілуде.
«Өткен түнде қала ішінде мұзға қарсы 3700 тонна ерітінді себілсе, қазір бұл салмақ 5400 тоннаға жетті. Түнде 500-ден астам көлік жұмылдырылды. Қысқы мерзімге 1200 жұмысшы алдық. Сондықтан, көлік тазалай алмайтын жерлерді жұмысшылар тазалайды», - деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр СЕРГЕЕВ.
Қала әкімдігі тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алған. Ал синоптиктер ертең Алматыда тағы қар жауады деп болжап отыр. Одан кейін күн ашық болады. Ауа температурасы күндіз минус 6 градус көрсетеді деп күтілуде.
«Келесі қар 13 қаңтар күні жаууы мүмкін. Қатты қар ақпан айының аяғына қарай басталады деп ойлаймыз. Себебі, ауа температурасы кейде жылы, кейде салқын, тіпті бұлтты болады. Бұл массивтер ақ ұлпаның көп жаууына себепші болуы мүмкін», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Светлана АМАНҚҰЛОВА.