Ғылыми конференция соңында болашақтағы саябақтың 3Д модульді бейнежазбасы ұсынылды
Осыған орай бүгін Ғылым Ордасында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бастау алған маңызды жоба тізіміне көне заманнан тәуелсіздік кезеңіне дейінгі аралықтағы қазақтың жүз тарихи тұлғалары енген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ елінің тарихындағы ұлы тұлғалардың есімдерін анықтау бір жыл бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижиесі. Бұған дейін де әбден талқыға түсіп келген бұл мәселе бүгінде өз мәресіне жетіп отыр. «Жүз есім» тізіміне енгізілген тұлғалар - түркі кезеңдерінен бастау алып, қазіргі тәуелсіз кезеңге дейінгі уақыт аралығын қамтыған 7 этап бойынша жасалған. Ал, осы тізімді жасауда басы-қасында жүрген мамандар жобаның негізгі мақсаты - қазақ елінің мәртебесін көтеруде дейді.
«Алыс шетелдерден керемет мұрағат материалдар келіп жатыр. Олар біздің тарихта жаңа тұрпатта, жаңа бағытта зерттеуге мүмкіншілік беріп жатыр. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, осы жобаны атқарып жатырмыз. Ертең осы жүзге жуық мықты тұлғаларды интерактивті платформаға енгізіп, үш тілде сөйлетіп, сайратып, бүкіл әлемге қазақтың кім екенін, қазақтың тарихын жасаған қандай мықты тұлғалар екенін бүгін айтпақшымыз», - дейді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ.
Ғылыми конференцияға келгендер тарихта есімдері аталмаған жаңа тұлғаларды өз баяндамаларында оқып, тізімге енгізуді де ұсынды. Мұндай пікірлердің тууына түрткі болған - қазақ еліндегі ұлы тұлғалардың көп болуы.
«Мен мұнда қазақ әйелдерінің жалпы қоғамдағы, тұрмыстағы және мемлекет басқару ісіндегі орны деген тақырыппен келдім. Ол тарихта бар тұлғалар. Мынау сақ дәуіріндегі Тұмар ханымнан бастайық, одан кейін Бопай ханымды алайық. Ұлт азаттық көтерілісті алатын болсақ, Амангелдіменен бірге қарындасы да атқа отырып, даланы қорғау кезеңіндегі «ұлт азаттық» деген сөздің мәнін түсіне білген осындай ханымдар бар», - дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария ҚОЖАМЖАРОВА.
Алдағы уақытта анықталған жүз есім бойынша Нұр-Сұлтан қаласында арнайы оқу-ағарту саябағы салыну жоспарлануда. Ұлы тұлғаларымызға ескерткіштер орнатылып, жастарға қазақтың жақсыларын кеңінен насихаттауды көздеген бұл саябаққа 3 тілде ақпарат беретін технологиялар да қойылуы мүмкін.
«Біз бүгін жасалған жоба қорытындысының мультимедиялық нұсқасын көрсетеміз. Мұнда «ұлы даланың ұлы 100 есімдері» толығымен қамтылған. Сонымен қатар, әрбір тұлға туралы ғылыми мақалалар, мұрағаттық мәліметтер және құжаттық дәлелдемелер секілді қосымша ақпараттарды да алуға болады. Жоба бойынша бұл портал үш тілде жасалған», - дейді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің басшысы Махаббат ҚОЗЫБАЕВА.
Ғылыми конференция соңында болашақтағы саябақтың 3Д модульді бейнежазбасы ұсынылды. Сәулетші мамандардың ұсынысы бойынша бұл саябақ елордадағы «Экспо» көрмесі маңайында немесе Ханшатыр, Пирамида маңайларында салынуы мүмкін деп жоспарлануда. Айта кетелік, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасында әлі де жылдың аяғына дейін толықтыру жұмыстары жүргізілмек.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы.