Әл-Фарабидің екі еңбегі әлі күнге зерттелмеген

Жалпы ұлы ғұламаның 120-ға жуық, кейбір деректерде, 70-тей шығармасы бар екені айтылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Екі қолжазбаның түпнұсқасы бүгінде Оксфорд қаласы мен Швецияда сақталған. Бірақ олардың көшірмесі біздің елге осыдан 50 жыл бұрын әкелінген. Қазір еңбектер Алматыдағы Орталық ғылыми кітапханасында сирек қор ретінде тұр. Кітапханашылар мұндай жәдігерлер ғалымдар назарына іліксе дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде қаладағы Орталық Ғылыми кітапханасында Әл-Фарабиге қатысты 30-дан астам еңбек сақталған. Жалпы ұлы ғұламаның 120-ға жуық, кейбір деректерде, 70-тей шығармасы бар екені айтылады. Соның ішіндегі 39-ы қолжазба арқылы жетсе, ондағы тек біреуі ғана Әл-Фарабидің өз қолымен жазылған шығарма болып есептеледі. «Геометриялық пішін дәлдіктеріндегі табиғат сыры мен руханият күші» атты туындының көшірмесі Алматыдағы сирек кітаптар қорына сонау Швеция елінен арнайы алыныпты.

«Алынғаннан бері осы жерде сақтаулы. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған, көрсетілмеген. Тек қана осы кітап қорында сақталып жата берген. Биылғы осы іс-шараға қарай оның бәрі көтеріліп қаралған кезде өзіміздің қорымызда осындай құнды дүниелер сақтаулы екенін, жәдігерлер бар екенін анықтап біліп жатырмыз», - деді «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының бөлім басшысы Гүлшат ӘБІКОВА.

Аталмыш кітапта геометриялық пішіндердің символикалық мәні берілген. Ал «Құм бетіндегі бедер мен пішін жасауды білуге құмарлық» деп аталатын трактатында тоғыз нүктенің бейнесі мен оның орналасуы көрсетілген. Автор сол нүктелердің қандай пішінде түсуі мүмкін екендігіне тоқталып, оның мән-мағынасына кестелік жүйеде түсініктеме жасаған. Шығыстанушы мамандар бұл қолжазбаны «Тоғызқұмалаққа» теңеп, сол замандағы болжам жасаудың бір әдісі деп топшылайды.

«Қазақтың кәдімгі «Тоғызқұмалағы» бар. Соны шашқан кезде түсетін пішіндерге қарап отырып, бұрын болжаған. Сондағы пішіндер туралы ой жүгіртеді. Жазық жерге құм шашып болашақты болжаған. Бұл көне түркілердің «Тоғызқұмалағына» келеді», - деді шығыстанушы Өмір ТҰЯҚБАЕВ.  

Менің қолымдағы әлі де зерттелмеген мына микрофильм 1968 жылы Оксфорд университетінен алынған. Сол кездің өзіндегі мұндағы кітапханашылар оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін мынадай етіп көшірмесін жасап қойған екен. Бүгінде бұл еңбектің электронды нұсқасын жасау жұмыстары жүріп жатыр.

Теңдессіз туындылардың бұл көшірмелері тек Алматыда ғана бар. Енді кітапхана мамандары мұндай сирек кездесетін деректер толық зерттелуі тиіс деген пікірде. Қорда елу жылдай еленбей жатқан еңбектер тылсым дүниелердің сырын ашуға сеп болуы бек мүмкін.

Назкен Еркін, Қобылан Әлдиебеков «Алматы»телеарнасы.

Новости партнеров