Алматыда карантин жарияланғалы бері қарақұмыққа күрт сұраныс артқан

sb.by
sb.by
Бір жарым айға жететін тауар түрінің 2 аптада 200 тоннасы сатылып кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин жарияланғалы бері қарақұмыққа күрт сұраныс артқан. Бір жарым айға жететін тауар түрінің 2 аптада 200 тоннасы сатылып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онымен қоса, халық қант пен шайды талап алып жатыр. Осы тұста бағаның негізсіз көтеріліп кетпеуі үшін қаланың тұрақтандыру қоры қызу іске кіріскен. Енді орнын ары қарай толтыру жұмыстары жалғаспақ. Тұрақтандыру қоры қаладағы 4 ірі сауда желісімен келісімге отырған. Нәтижесінде, 120-дан астам дүкенде 1 келі қарақұмық 305 теңгеге саудаланып жатыр.

«Біз елімізде төтенше жағдай режимі енгізілмей тұрған кезде де бірінші қажеттіліктегі тауар түрлерінің бағасын тұрақты түрде бақылауда ұстайтынбыз. Қазір бақылау одан сайын күшейді. Бағаны белгіленген межеден қымбаттап кетпесі үшін 5 миллиард теңге бөлінді. Қарақұмыққа қатысты азық-түлік интервенциясын қолдандық. Себебі сұраныс артты. Алматыдағы алып қоймада 348 тонна қарақұмық жармасы болған», – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар БІЛІСБЕКОВ.

Еске сала кетейік, карантин жарияланған Алматыда халық жиі тұтынатын 9 тауар түріне бағаны көтеруге тыйым салынды. Оның қатарында нан, сұйық май, қарақұмық секілді азық-түлік түрлері бар. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қиын сәтте бас пайдасын ойлаған кәсіпкерлерді жазалауға көшкен болатын.

«Бүгін кезекті рет ірі сауда орындарын тексеруге шықтық. Бағаларды белгіленген межеден асырғандар кездеспеді. Бақылауда ұстау үшін арнайы мониторинг тобы бар. Азық-түлік өнімдерінің бағасын блокбекеттерден өткен сәттен бастап бақылауға алынады. Сауда нүктелерінде халық арасында дүрбелең байқалмайды. Келушілер тек өздеріне қажетін алып жатыр. Сөрелерде тауар түрлері толып тұр», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр ТАУМҰРАТ.  

Новости партнеров