Арал теңізін сақтау үшін қандай шаралар қолданылып жатыр

elements.envato.com
elements.envato.com
Өзбекстан біздің елге 3,9 млрд текше метр су жіберген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өзбекстан біздің елге 3,9 млрд текше метр су жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сырдария өзені арқылы келетін бұл көмекті былтыр өзбек ағайындар жарты жылда 3,7 млрд текше метрге арттырамыз деп уәде беріп еді. Бұл сөз 4 айда артығымен орындалып, оңтүстіктегі егіс алқаптарының жайы жақсара түсті. Күрішті өңір – қызылордалық мамандар да жоспардың жыл соңына дейін толық орындалатынын айтып қуантты.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазір Шардара су қоймасында 2,6 млрд текше метр су бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда 689 миллионға артық. Жалпы осы уақытқа дейін Шардараға 5 млрд текше метрге жуық су келсе, Сырдарияның төменгі ағысына 3,6 млрд куб метр су жіберіліпті. Осылайша, өзенге былтырға қарағанда 950 млн текше метр су артық құйылған. Бұл Арал теңізіне құйылатын судың төмендемеуіне сеп болып отыр.

«Аралға берілетін су көлемі 997 миллион, яғни 1 млрд текше метр көлемінде бекітілді. Соңғы бір жарым айдың көлемінде 50 текше метрден бүгінде 98 текше метрден дейін Аралға түсіп жатыр. Оны Аралды сақтау үшін үлкен жұмыс деп айтуға болады», - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.

Бір ғана мысал, былтыр осы кезеңде Кіші Аралға 5-6 текше метр ғана су түсіп тұрған екен. Үлкен теңіздің жиырма пайызға жуығы болатын Кіші Аралды Көкарал бөгеті бөліп тұр. Ал платинаның ұзындығы 13 шақырым. Кіші Аралды сақтау үшін Сырдариядан жылына 3 млрд текше метр су келу керек десек, биыл мамандар вегетациялық кезеңде шаруалар тіршілік нәрінен тарықпағандарын айтады.

«Егістікке биыл ешқандай қиындық болған жоқ. 190 мың га егіс егілген болса, оның ішінде 83 мың гектары күріш дақылы егілді», - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.

Биыл вегетациялық кезеңде Қызылорда облысының аумағына, яғни Көктөбе бекетіне кірген су көлемі 1 млрд 486 млн текше метрге артқан. Мәселен, былтыр сәуір мен тамыз аралығында 5 млрд 143 млн текше метр су жіберілсе, биыл бұл көрсеткіш 6 млрд 629 млн текше метрге дейін өсіпті. Мұның бәрі жыл басында көрші елдермен жасалған келісімнің нәтижесі дейді мамандар.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы Қызылорда облысы

Новости партнеров