Бұған дейін жарықтың мәселесі желілерде талай жазылған
Тараз көшелері тас түнекке айналған. Себеп – жолдарда жарық шамдары жоқ. Бірнеше жылдан бері шешімін таппаған мәселеге, тұрғындар да наразылығын білдіруде. Әрине себепсіз емес, шаһардағы 1300 ден аса көшенің тек 209-ында ғана жарық бар. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ баяндайды.
Бұған дейін жарықтың мәселесі желілерде талай жазылған. Бірақ жылы жабылған қақпақтай қалалықтардың талабы билікке жетпеген сыңайлы. Жүргінші былай тұрсын, қала көшелерінде көлікпен қатынау қауіпті бола бастаған.
«Жарық жоқ, міне! 6 шағынаудан. Сейфуллин. Қараңғы. Жаяуж жүргіншілер жолынан адамдар өтсе, көрмейсің ғой. Адамдарды көрмей қаламыз, жарық болмаса.
Қала тұрғындары жарық шамның жоқтығынан, кеш түссе болды далаға шығудан қаламыз» дейді. Балаларын мүлдем сыртқа жібермеуге тырысады. Қараңғыда көше қауіпті әрі қорқынышты. Оталықта бола тұра Дулати көшесінде де осы жағдай. Халық әкімдіктен көмек сұрағанымен, жауаптылар қалтадан қаржы шығару керегін айтқан.
«Көшемен жүру өте қауіпті. Қазылған жер көп, су желісін де жөндеу үшін қазып тастаған. Қартымыз бар, балалар бар дегендей. Кім біледі, мертігіп қала ма деп қорқамыз», – деді қала тұрғыны Александр Мартиненко.
«Бұл көшелерде жарық 20 жыл бұрын жанған. Содан бері тас қараңғы. Өткенде жарыққа жауапты мамандарды шақырғанбыз. Олар 15-20 мың теңгеден жинасаңдар қойып береміз деп кетті. Бұны қалай түсінуге болады? Ондай қаржы болса өзіміз-ақ қояр едік», – деді қала тұрғыны Наталья Леонтьева.
Аталған мәселемен қала әкімдігіне арнайы бардық. Сөйтсек, проблеманың тамыры тереңге кеткен сыңайлы. Облыс орталығында 1330 көшенің тек 209-ы ғана жарықтандырылған екен. Қала билігі бұл бағытта былтыр жұмыс бастаған. Яғни, аталған 209 көшені жарықтандырып бастаған. Бірақ оның өзінде мердігердің құжаттары дұрыс болмай, іс сотқа өткен.
«Ол жұмыстарды биыл жалғастыра алмай отырған себебіміз қазір сот процестері жүріп жатыр ол компаниямен. Өйткені ол компания сол жұмыстарды бастардың алдында өздерінің жобалық-сметалық құжаттарын толығымен бекітпеген. Көп жұмыстар қалып кеткен. Бүгінгі таңда ол жұмыс тоқтап тұр», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Әкімдік өкілі қалған 1000-нан аса көшеге қаржы қаралмағанын айтады. Әзірге ауысқан ескі шамдарды түгі жоқ 4-5 көшелерге ілмек. Оның өзі сот процесі біткен соң ғана болатын іс. Ал, бұрынырақта айтылған «Ақылды жарықтандыру» жобасының болашағы әзірге бұлыңғырлау болып тұр.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан