Табыс көзі 30 пайызға кеміген: «Wolt» курьерлері наразылық білдірді

13.05.2021 02:48

Қызметкерлер алдыңғы еңбек шартын қайтаруды қалайды

«Алдыңғы еңбек келісімін қайтарыңдар». Алматыдағы «Wolt» тамақ жеткізу қызметінің жүз шақты жеткізушісі басшылықтарына осындай талап қойып отыр. Оған себеп компанияның жұмыс шартын өзгертіп жіберуі.Нәтижесінде жеткізу қызметкерлерінің табысы 30-дан 50 пайызға төмендеп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Енді қызметкерлер алдыңғы еңбек шартын қайтаруды қалайды. Курьерлердің айтуынша, оларға әу баста сағатына 2 мың теңге табыс уәде етілген. Алайда қазір қолдарына алатыны орта есеппен 800 теңге ғана. 

«Жаңбыр-қарға қарамай жұмыс істейміз. Біз ауырамыз. Емделгенде 3-4 күн жұмыс істей алмай қаласың. Тапсырысты кешіктіріп апарсаң, тайғанап құласаң рейтингің төмендейді. Оған да қарамай, біз осы уақытқа дейін осылай жиналып, наразылық білдірген емеспіз», – деді  курьер Әлихан Бауыржан.

Ал, компанияның өкілдері еңбек шартының өзгеруін тапсырыстардың азайып кетуімен байланыстырып отыр. Олардың сөзінше, жаңа келісім-шарт бойынша курьерлердің табысы бірнеше айда қайта өсетін болады. 

«Олардың табысы шамамен 12 пайызға төмендеді. Алдағы бірнеше айдың көлемінде сұраныс пен курьерлердің саны тұрақтайды. Яғни күзге қарай қызметкердің сағатына табатын табысы өседі», – деді «Wolt» компаниясының қазақстандағы бас менеджері Әлібек Есов.