Қарағанды облысында ауыл әкімдеріне дауыс беру 149 сайлау учаскесінде өтіп жатыр
Ауыл әкімдерін сайлау әлі де жалғасуда. Жергілікті тұрғындар елдімекеннің кемел келешегі үшін дауыс беріп жатқандарын айтады. Ал мамандар, халықтың белсенділігі жоғары деген баға беріп отыр. Жалпы аймақтарда маңызды саяси науқан қалай өтуде? Дауыс беру барысы қалай жүргізіліп жатыр? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Қарағанды облысында ауыл әкімдеріне дауыс беру 149 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Саяси науқанда аймақ бойынша 81 мыңнан астам адам өз таңдауларын жасауы тиіс. Жалпы, бұл өңірде ауыл әкімі сайлауына 260-қа жуық үміткер тіркелген. Мәселен, облысқа қарасты 10 мыңнан астам тұрғыны бар Абай ауданы Топар кентінде де науқан қызу жүруде. 83 жастағы Банфет Салықов бұл сайлаудан күтеріміз көп дейді.
«Ауылдық жерлерде жаңа өзгерістер болады, әкімдеріміз жаңадан жұмыс бастайды деп ойлаймын. Келешекте әрбір ауылдық жерде өзінің бюджеті болады деп жатыр, ақша болған соң әкімнің де қолы ұзарады. Бірақ ашықтық керек. Егер қандай да бір үлкен мәселе болса, әкім ауыл адамдарымен, қоғам белсенділерімен ақылдаса отырып істесе, «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей бұл оң нәтижесін береді», – деді Қарағанды облысының тұрғыны Банфет Салықов.
Ақмола облысында бүгін 95 әкім сайланады. Республика бойынша өңірлер арасында бұл ең жоғары көрсеткіш. Қазір аудандық маңызы бар 2 қалада, 6 кентте, 87 ауылда барлығы 218 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Облыста әкім лауазымына 303 кандидат тіркелген. Оның 93-і саяси партиялар атынан, 210-ы өзін-өзі ұсынғандар.
«Бұл ауылда тұрғаныма 22 жыл болды. Ауылда жаман емес, жақсы. Жол салынып жатыр, су беріліп жатыр. Сайлау біз үшін, халқымыз үшін маңызды. Осы сайлаудан жақсылық, елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік күтемін», – деді Ақмола облысының тұрғыны Мәрзия Сайындолда.
Ал, Маңғыстау облысында 14 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Аймақта 14 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Сайлаушылардың ең көбі Ақшұқыр ауылында – 6877 адам, ал ең азы Сам ауылдық округінде – 403 сайлаушы.
«Зейнеткер жасындамыз. Ел болып, халық болып осы елдің қамын ойлайтын , елдің ертеңін, бүгінін ойлайтын азамат сайлағымыз келіп, сол таңмен таласып келіп жатқан жағдайымыз бар. Мына ауылдың халқы осы күнді күтіп, бәрі келіп өз таңдауын жасап жатыр деп ойлаймын», – деді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Шәміл Балмұханов.
Ал, Қостанай облысында жергілікті тұрғындар 65 ауылдың әкімін сайлап жатыр. Өңірде 147 кандидат тіркеліп, оның 60-ы саяси партиялардың атынан додаға түскен. Мамандар барлық аймақта халықтың белсенділігін жоғары екенін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты дауыс беру орындарында санитарлық талаптар қатаң сақталған. Келушілердің дене қызуы өлшенеді және арақашықтық сақталып жатыр. Ал комиссия өкілдері мен байқаушылар және БАҚ өкілдері дауыс беру орындарына кіру үшін вакцина паспортын немесе ПТР-анықтамасын көрсетуге міндеттелген.
АСЫЛБЕК ТОЙБЕК, «Алматы» телеарнасы