Кеңестік кезеңде саяси қуғын - сүргінге ұшыраған 250 мың азамат ақталды

 Almaty.tv
Almaty.tv
Зерттеушілер 50 мыңға жуық материал жинап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Кеңестік кезеңде саяси қуғын - сүргінге ұшыраған 250 мың азамат ақталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл –  аталған іспен айналысып жатқан мемлекеттік комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері. Одан бөлек, зерттеушілер 50 мыңға жуық материал жинап отыр.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін кезеңін толық зерттеп, жазықсыз жаза кешкендерді ақтау үшін 2020 жылы Президент жарлығымен мемлекеттік комиссия құрылған еді. Бүгінде бұл жұмыс тобында 316 сарапшы-ғалым мен әр өңірдегі 500-ден аса маман бар. Олар бұған дейін жалпы ел аумағындағы 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтерде материал іздеп, тарихи құжаттарды жинақтады, хронологиялық тәртіп енгізді.

«Комиссияның жұмысында негізгі қарайтын мәселесі ауқымды. Біраз нәрсе істелді. Біздің азаматтар шетелге арнайы іс-сапармен барып ондағы сақталған қағаздарын қарап жатыр. Осы жақта да архивтерде жұмыс істеп жатыр. Жалпы, жан-жақты жұмыс жүріп жатыр. Нақты қорытындысын айту ерте деп ойлаймын. Өйткені, бұрын жабық тұрған, құпия болып келген құжаттарды құпиясыздандыру мәселесі жүріп жатыр», – деді  «Әділет» тарихи - ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев.

261 маман жабық архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілген. Соның нәтижесінде, Бас прокуратура 2,4 миллионнан астам материалды, ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті 1,5 мыңнан астам архив ісін құпиясыздандырып отыр. Елдің ІІМ құпия грифі бар 5,3 мыңнан астам құжатқа қолы жеткен.

«Қауіпсіздік комитетінің архивінде 2014 жылға дейін сақталған 1956-1989 жылдар аралығындағы ақталған тұлғалардың істері, өкінішке қарай, зерттеушілер үшін жабық болды. Тек қана репрессияға ұшыраған адамның ұрпағы екеніңізді дәлелдесеңіз ғана рұқсат берілді», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов.

Бұған дейінгі зерттеулерде 1927 мен 1953 жылдар аралығында ел бойынша 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырады делінеді. Мұның ішінде көшбасшы, көзі ашық деген 25 мың азамат ату жазасына кесілген. Қазіргі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі шықса, бұл цифрлардың едәуір өзгеретіні айқын дүние.

Бұл ақтаңдақ жылдары жазықсыз азап шеккен азаматтарды еске алатын қаладағы санаулы ғана орындардың бірі. Соңғы дерекке сүйенсек, мемлекеттік комиссия прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам адамды ақтап отыр. Бұл - жаңа дерек. Қалай болғанда да аталған комиссияның жұмысы зұлмат оқиғалар хроникасын зерттеудің әрі тарихи жадыны қалыпқа келтірудің жаңа кезеңі болып отыр.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров