Коронавирус: Бостандық ауданында 993 көпқабатты үй залалсыздандырылды

10.11.2020 19:52

Бостандық ауданындағы дезинфекциялық жұмыстың алғашқы күнінде барлығы 108 дезинфектор жұмылдырылды

Almaty.tv

Алматыда дезинфекция жұмыстары жалғасып жатыр. Бостандық ауданындағы 993 көпқабатты үйде конорнавирусқа қарсы залалсыздандыру шаралары жүргізілді. Сондай-ақ, санитариялық жұмысқа 108 маман мен 18 техника тартылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Бостандық ауданындағы дезинфекциялық жұмыстың алғашқы күнінде барлығы 108 дезинфектор жұмылдырылды. Бекітілген кестеге сәйкес, арнайы киім және қажетті құралдармен жабдықталған мамандар тазалық шарасын хабарландырудан бастады.

Сондай-ақ, аудандағы профилактикалық жұмысқа барлығы 18 техника мен 9 топ жұмысшылары қатысты. Ал, тазалауға қажетті сұйықтық қауіптіліктің 4 санатына жатады екен. Яғни адам мен жануар денсаулығына еш зияны жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ерітіндінің құрамы аптасына 3 рет арнайы сараптамадан өткізіледі. Тек ерітіндіні нұсқаулық бойынша дайындау қажет. Дезинфекция жасалғаннан кейін, тұрғындарға жарты сағат көлемінде сыртқа шығуға болмайды.  

«Біз қазір дезинфекцилық жұмысқа арнайы сұйықтық қолданамыз. Яғни, мөлшері 5 пайыздық профилактикалық жаңа ерітінді, тұрғындар үшін қауіпсіз. Атап айтқанда, 105 жаңа және 21 мотобүріккіш, сондай-ақ 2 аэрозольді генераторлар вируспен белсенді күресуде таптырмас құрал болып отыр», – деді  дезинфекция менеджері Асылбек Адасханов.

Жалпы Бостандық ауданындағы 993 үйге коронавирусқа қарсы залалсыздандыру шаралары жасалды. Ал, профиклактикалық жұмыстың екінші тәулігінде 807 көпқабатты үй тазартылмақ. Айта кетейік, күшейтілген дезинфекциялық шаралар 30 қазанда басталған. Осылай, әрбір үй аптасына 3 мәрте, барлығы 1806 үйдің ауласы мен кіреберістер дезинфекцияланатын болады.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы